Үкімет басшысы Жақсылық Үшкемпіровтің отбасына көңіл айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин даңқты спортшы, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды primeminister.kz.

«Грек-рим күресі бойынша қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері, отандық спорттың және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіровтің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты Сіздерге орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып көңіл айтамын.

Аты аңызға айналған Жақсылық Әмірәліұлы кәсіпқой қазақ күресін нығайтумен бірге, іскер басшы, білікті ұйымдастырушы ретінде бар саналы ғұмырын ауыл шаруашылығын нығайтуға, кәсіпкерлік саласын өркендетуге арнады. Жақсылық Әмірәліұлы өзіне тән адамгершілік қасиеттері мен қайырымдылық істері арқылы әрдайым халқының сый-құрметіне бөленді.

Асыл азаматтың жарқын бейнесі әлемдік спорт тарихындағы өшпес ғұмыр жолы мен бағындырған биіктері, ел игілігі жолындағы ерен еңбегі арқылы өскелең ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталып қалары сөзсіз. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!» делінген жеделхатта.

Еске сала кетейік, бүгін Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров дүниеден озды.

Қазаға байланысты Елбасы Жақсылық Үшкемпіровтің жақындарына көңіл айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жақсылық Үшкемпіровтің елімізде спорт саласының кең қанат жаюына атсалысып, жастарға үлгі болғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар