Үкімет басшысы: Вегетациялық кезеңді сумен қамту былтырмен салыстырғанда жақсы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Су - еліміз үшін әрқашанда өзекті мәселелердің бірі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су еліміз үшін әрқашанда өзекті мәселелердің бірі саналады. Сондықтан бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Көршілес елдермен тиісті комиссиялар, жұмыс топтары құрылған. ЕЭАО, басқа да екіжақты кездесулер болсын, әрқашан әріптестерімізбен бұл мәселені бөлек талқылаймыз. Мысалы, биыл Сырдария өзені бассейні бойынша төрт елдің - Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттері арасындағы келісімге қол қойдық. Соның нәтижесінде біз Шардара су қоймасына 5 млрд текше метр су жинадық. Көктемде Көксарай су қоймасына 850 млн текше метр суды жинай алдық. Жыл басында Көксарай су қоймасы құрғап кеткен еді. Жалпы, былтырмен салыстырғанда осы екі су қоймасына 340 млн текше метр суды артығымен жинап отырмыз. Яғни, Сырдария өзенінің жағдайы биыл былтырмен салыстырғанда жақсы», - деді Үкімет басшысы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Жаңа Қазақстан» бағдарламасына берген сұхбатында.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Шу және Талас өзендеріне қатысты көрші Қырғызстан елінің басшыларымен келіссөзге қол қойылып, тиісті кесте бекітілгенін атап өтті. Қазіргі уақытта отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер суды бекітілген кестеге сай алып жатқанын айтты.

«Былтырға қарағанда жағдай жаман емес. Сонымен қатар Жайық өзені бойынша да өткен жылмен салыстырғанда 430 млн текше метр су көп келіп отыр. Ресей тарапымен де тиісті келісім жасадық. Жалпы айтқанда, вегетациялық кезеңге байланысты сумен қамтамасыз ету былтырмен салыстырғанда жақсы және бұл мәселе ерекше назарда», - деді Әлихан Смайылов.





Фото: stopress.ru


Соңғы жаңалықтар