Үкімет басшысы: Трансферттерді анықтауда өңірлердің ерекшелігі ескерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін анықтау кезінде әрбір өңірдің ерекшелігі және олардың экономикалық даму деңгейлері ескерілді. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық бюджетте көзделген қаражат мемлекеттік барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық орындауға мүмкіндік береді. 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін анықтау кезінде әрбір өңірдің ерекшелігі және олардың экономикалық даму деңгейлері ескерілді. Бюджет шығыстары экономиканың нақты секторларын қолдауға, оның ішінде индустриялық-инновациялық дамуды қамтамасыз етуге, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымына, агроөнеркәсіп кешені мен цифрландыруға, өнімді жұмыспен қамтуға және тағы да басқа салаларға бағытталатын болады», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы өз сөзіне заң жобаларына Мемлекет басшысы келісім бергенін атап өтіп, белгіленген тәртіппен республикалық бюджеттік комиссияның отырысында мақұлданғанын жеткізді. Отырыста заң жобаларын Үкімет мүшелері бір ауыздан қолдап, дауыс берді.

«Ұлттық экономика мен Қаржы министрлігі Премьер-Министрдің Кеңсесімен бірге аталған заң жобаларын Парламент Мәжілісіне енгізуді қамтамасыз етуі тиіс», - деді Асқар Мамин.

Аян Бекенұлы


Соңғы жаңалықтар