Үкімет басшысы студенттердің жатақхана мәселесін шешуде нақты тапсырма берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы Асқар Мамин жауапты Білім және ғылым министрлігі мен өңір әкімдіктеріне студент жастардың жатақхана мәселесін шешуде нақты тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Студент жастардың жатақхана мәселесін шешу - Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бірі. 2022 жылға дейін жатақхана мәселесін шешіп, 75 мың орынды пайдалануға беруге тиіспіз. Осы жобаларды іске асыру арқылы бірінші жылы 5 мың орынды пайдалануға беру жоспарланған. Қазірдің өзінде жақсы нәтижелер бар - биыл 9 мыңнан астам орын пайдалануға беріледі деп күтілуде», - деді Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысында.

Асқар Мамин осы бағытта инвесторлармен жұмыс ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

«Жатақхана салуда мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жұмысты жалғастыру керек. Жоғары деңгейдегі білім беру жүйесін құру үшін студенттердің тұратын жеріне жағдай жасалуы тиіс. Осы міндетті орындауға қажетті қаржы бөлу моделі әзірленген. Министрлік нақты іс-шаралар жоспарын дайындады. Кәсіпкерлер үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Банктердің пайыздық мөлшерлемесі 7 пайызға дейін төмендетіліп, құрылыс ережелері жеңілдетілді. Сонымен қатар, СҚО, Түркістан, Ақтөбе осы бағытта жұмысты нашар жүргізілген. Ол өңірлер тиісті жұмысты ұйымдастыруы керек. Министрдің баяндамасы бойынша жұмысты бастағандар - негізінен жекеменшік оқу орындары», - деді Премьер-Министр.

Асқар Мамин мемлекеттік оқу орындарына инвесторлар көптеп қызықпай отырғанын атап өтті

«Бұл ретте жатақхана құрылысы үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейтінін ескертемін. Қолдарыңызда қажетті құралдар бар. Соны негізге алып, жұмыс жасау керек. Жалпы, Білім және ғылым министрлігінің ұсыныстарын қолдаймын! Осыған орай біріншіден БҒМ Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, өңірлерде жатақханаларды қаржыландыру бойынша бекітілген құралдарды түсіндіруі керек. Жатақханаларды пайдалануға беру бойынша өңірлер нақты жоспарларын әзірлесін. Үшіншіден, әкімдер және оқу орындарының басшылары студент жастардың жатақхана мәселесін шешіп, нысандарды уақтылы тапсыруды қамтамасыз етсін. Жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу практикасын тоқтату керек», - деді Асқар Мамин.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова жатақхана құрылысы бойынша жоспарды орындау үшін Үкіметке бірқатар шара ұсынған болатын.

Соңғы жаңалықтар