Үкімет басшысы Шымкенттегі әуежай терминалының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Асқар Мамин Шымкенттегі әуежай терминалының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласы – ТМД мәдени астанасы болып жарияланды. Қалаға келетін туристердің саны бірнеше есеге артады. Осыған орай, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және әкімдік әуежай терминалының құрылысын уақтылы бастап, сапалы аяқталуын қамтамасыз етуі керек. Отандық әуежайларда шетелдік әуе компаниялар үшін «Ашық аспан» режімін ұсыну жұмысы белсенді жүргізілуі керек. Бұл, жаңа шетелдік әуе компанияларын тартуға, бағыттарды көбейтуге, әуе компаниялары арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Ал, бұл, әуе билеттері бағасының төмендеуіне әсер етеді», - деді Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысында.

Премьер-Министрдің айтуына қарағанда, билет бағасының 20 пайызын авиаотын шығыстары құрайды.

«Сондықтан, Ұлттық экономика, Энергетика мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне әуе керосинге баға белгілеуді, тиісті заңнамалық реттеумен мәселені пысықтауды тапсырамыз», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2020 жылы Қазақстанда Азаматтық авиация оқу орталығы ашылатынын мәлімдеген болатын.

Соңғы жаңалықтар