Үкімет басшысы: Отандық тауарларды xалықаралық электронды сауда алаңдарына шығару қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин төрт министрлікке экспортты дамыту бойынша арнайы жол карталарын әзірлеуді тапсырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің өнімдеріміз басқа елдерде танымал болуы тиіс әрі ортақ экспорттық брендті құру арқылы экспортты дамыту қажет. Ауыл өнеркәсібі кешені саласында осы жұмыс ұйымдастырылған. Енді, оларды сыртқы нарықтарға қарқынды түрде шығару қажет. Ол үшін отандық өндірушілер өндіретін тауарлардың сапасын жоғарылатып, экспортқа шығарылатын елдердің талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету керек. Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге xалықаралық деңгейге сай қазақстандық стандарттарды әзірлеп, регламенттерді енгізуі қажет», - деді А.Мамин министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында.

Үкімет басшысының айтуынша, заманауи зертxаналық базаны да құру қажет. Осының арқасында бизнес өз тауарларына тиісті куәліктерді алады.

«Экспортқа бағдарланған тауарларды xалықаралық электронды сауда алаңдары арқылы сату мәселесін де қарастырған жөн. Ал ұлттық экономика, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы және сыртқы істер министрліктеріне бір айдың ішінде барлық салалар бойынша экспортты дамыту және көрсетілетін қызметтердің басымды секторлары бойынша жол карталарын әзірлеуді тапсырамын», - деп атап көрсетті А.Мамин.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Алдағы уақытта Үкімет шетелдік инвестицияларды тартудың жаңа тәсілдерін талқылайды.

Ал «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Аxметжан Есімов шетелде қордың активтеріне тоқтам салу мәселесін көтерді.

Соңғы жаңалықтар