Үкімет басшысы Маңғыстаудағы бірқатар инновациялық өндіріс орындарының жұмысымен танысты

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Маңғыстауда жұмыс сапары барысында бірнеше инновациялық өндіріс кәсіпорындарын аралап, жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Цифрландыру бағдарламасы аясында ірі кәсіпорындар жаппай автоматты теxнологиялармен жабдықтануда. Соның бірі - Мұнайлы ауданында орналасқан «Шлюмберже» компаниясының өндірістік базасы. Мұнай қондырғысын жасайтын зауыт еліміздегі қара алтын кеніштерін толық қамтып отыр. Цех әлемдік стандартқа сай жабдықталған. А. Мамин мұнай кен орындарына қызмет көрсету бойынша кәсіпорынның жаңа өндірістік және сервистік мүмкіндіктерімен танысты.


«Кәсіпорында жылына 1 000 дана мұнай сорғысы дайындалады. Қазіргі таңда дайын өнім ішкі нарыққа шығарылуда. Жабдықтар ішкі сұранысты қамтып қана қоймай, Каспий аймағы мен таяу Шығыс елдеріне жөнелтіледі. Сонымен қатар, кәсіпорында бөлшектерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі», - дейді зауыттың бас директоры Мухамед Разиев.

Әрі қарай, Асқар Мамин жоғары сапалы жол битумдарын өндіретін «Каспи битум» бірлескен кәсіпорын жұмысымен танысты. Мұнда жылына 1 млн тонна мұнай қайта өңделеді, 400 мың тонна тотыққан битум, 120 мың тонна жетілдірілген битум өндіріледі. Бұл Қазақстан нарығының тең жартысын құрайды.


Шөлейтті Маңғыстау үшін ауыз сумен қамту – басты мәселе. Қазір Мұнайлы, Қарақия ауданы мен демалыс аймақтарын қамтамасыз ететін «Каспий» тұщыландыру зауыты ауыз су өндіру көлемін келесі жылы арттырмақ. Бүгінде кәсіпорын күніне 20 мың текше метр теңіз суын тазартып отыр. Мекеме басшысының айтуынша 2020-2021 жылы зауыт 40 мың текше метр су тұшытып, екі ауданнан бөлек Түпқараған мен Өмірзақ ауылына да ауыз су жіберуді жоспарлауда. Бұл - шөлейтті Маңғыстау түбегіндегі ауыз су мәселесін шешуге мүмкіндік бермек.

Өңірдегі құрылысы қарқынды басталған ғимараттың бірі – «Әбіш Кекілбаев мәдени орталығы».


Асқар Мамин құрылыс нысанын аралап, жобамен танысты. Жоспар бойынша бұл жерде 2 қабатты мәдени орталық, облыстық музей мен кітапхана ашылады. Жауапты мамандардың айтуынша, мұражайдың құрылысы қыркүйек айында аяқталып, пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, ғимарат ортасында су бұрқақтар, көлік тұрағы мен демалушыларға арналған орындықтарды қою қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар