Үкімет басшысы: Құрылыс материалдарын шығаратын өндірісті барлық өңірде ашу керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрылыс материалдарын шығаратын өндірісті барлық өңірде ұйымдастыру қажет. Бұл туралы бүгін «Нұрлы жер» бағдарламасы қаралған Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы құрылыстағы отандық үлесті ұлғайту міндетін қойды. Отандық құрылыс материалын шығару - «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының арнайы бағыты. Оның орындалуына 600 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің айтуынша, ол үшін жеңілдікпен қаржыландыру бойынша мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.

«Осы бағытта жаңа жобаларды дамыту керек. Жергілікті өнімді пайдалану экономиканың басқа салаларына мультипликативті әсер етеді, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деді Премьер-Министр.

Осы орайда ол қазіргі уақытта Түркістан қаласында ауқымды құрылыс жүріп жатқанын еске салды.

«Осы жерде құрылыс материалдарын шығару бойынша жобаларды жүзеге асыру қажет. Біз бұл мәселені Өмірзақ Естайұлымен (Түркістан облысының әкімі - авт.) талқыладық. Жалпы, осындай өндірістерді барлық өңірлерде ұйымдастыру қажет. Бақылау Жеңіс Махмұдұлына жүктеледі»,- деді А.Мамин орынбасары Жеңіс Қасымбекке қарата.

Соңғы жаңалықтар