Үкімет басшысы «Көкшетау» форум-орталығының құрылыс жобасымен танысты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы Асқар Маминге келер жылы Көкшетауда өңіраралық ынтымақтастық форумы өтетін «Көкшетау» форум-орталығының құрылыс жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көктем шағын ауданында салынады деп жоспарланып отырған нысанның жалпы аумағы жоба бойынша 9 гектарды құрайды. Нысанда 1000 адамға арналған көрермендер залы, оркестр залы, хореграфия, балет залы, 304 орындық банкет залы, 200 орындық конференц залы, пленарлық мәжіліс залы және VIP бөлмелер қарастырылған. Келер жылдың күзінде мұнда Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың айтуынша, мәдени-көпшілік нысанның құрылысын мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жүргізу көзделген.

«Нысанды мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде салуды жоспарлап отырмыз. Қазір қалада ауқымды іс-шаралар өткізетін мәдени ошақтар жоқ. Соның салдарынан біраз қиындықтар туындауда. Ал, «Көкшетау» форум-орталығы біздерге осы мәселені шешуге көмектеседі. Келешекте бұл нысанды түрлі үйірмелер мен мәдени-көпшілік шараларды өткізу үшін пайдаланар едік», - деді аймақ басшысы.

Осы ретте, Үкімет басшысы аталмыш жобамен таныса келе, форум өткізілгеннен кейін нысанның қаңырап, бос тұрмай, қала тұрғындарының игілігіне жұмыс істеуін, сондай-ақ, оны ұстап отыру мәселесін де осы бастан шешіп алу қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, бүгін ҚР Премер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды. Сапары аясында Үкімет басшысы Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» форум-орталығының құрылысынан бөлек, Қопа көлі жағасындағы аумақтарды абаттандыру жұмыстарына назар аударды. Сонымен қатар, «Тыныс» АҚ мен «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорациясы» және «Два Кита» серіктестіктерінің өндіріс цехтарын аралап көрді.

Соңғы жаңалықтар