Үкімет басшысы Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерін айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада өтіп жатқан Медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев әлем елдерінің денсаулық сақтау ведомстволарының басшыларына Қазақстанның медицина саласындағы жетістіктерін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«40 жыл бұрын біз үшін денсаулық сақтау саласындағы ең маңызды құжат - Алматы декларациясы қабылданған болатын. Құжат ерекше сипатқа ие. Себебі, ел тарихында бірінші рет азаматтар денсаулық сақтау қызметтерін алу құқығына ресми түрде ие болған еді. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері біз әлеуметтік-экономикалық секторда біршама реформаларды жүзеге асырдық. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек  (МСАК) - еліміздің денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық. 27 жыл ішінде біз МСАК саласында инфрақұрылымды ретке келтіріп, 1800-ге тарта аурухана мен амбулаториялық орталықтың жұмыс істеп тұруына қол жеткіздік. Олар кепілді түрде аса ауқымды медициналық қызметтерді көрсетеді», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысының айтуынша, соңғы он жылда Қазақстанның денсаулық сақтау саласы аурулардың алдын алуға басымдық беріп келеді.

«Біз жыл сайын скрининг өткіземіз. Оған ересек адамдар тартылады. Бізде сонымен бірге, жыл сайын 5 миллион адамды тексерістен өткізетін бағдарлама бар. Денсаулық сақтау саласының бүгінгі жүйесі еліміздің жайлы дамуының іргетасы бола алады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде атап өткендей, біз аталмыш бағытта да модернизация жүргізіп жатырмыз. Негізгі міндет - ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес денсаулық сақтау саласы жүйесін ары қарай дамыту», - деді Премьер-министр.null 

Бақытжан Сағынтаев 2019 жылдан бастап Қазақстандағы барлық ауруханалар цифрлық, яғни қағазсыз жүйеге көшірілетінін атап өтті.

«Барлық азаматтар 2020 жылға қарай электронды медициналық куәлікке ие болады. 2019 жылы Астанада Онкологиялық орталықтың құрылысы басталады. Денсаулық сақтау саласының мемлекеттік бағдарламасы, сонымен бірге, өмір деңгейін жақсартуды, салауатты өмір салтын сақтауды да көздейді. Сондықтан, белсенді өмір салтын қалыптастыруда біршама жұмыстар іске асырылып жатыр. Алдын алу шараларына баса маңыз берілуде. Біз 100-ге тарта фитнес-индустрия кешенін салып жатырмыз. Әлемде өзгерістер орын алып, жаңа технологиялар жұмысты реттеуді талап етіп отырғанын түсінеміз», - дейді ол.

Премьер-министр өз сөзінде медициналық-санитарлық алғашқы көмектің ресурстарды талап етіп отырғанын білетінін жеткізді.

«Медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша Астана декларациясы медицина саласында әлемдік күн тәртібінің қозғаушы күші болары айқын. Мемлекеттер МСАК саласын дамытуда күштерін жұмылдырып отыр. Астанадағы жаһандық конференция осы уақытқа дейін ауқымды сұрақтарға жауап табуға сеп болар деген сенімдемін», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Еске сала кетсек, елордада бүгін медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Жаһандық конференция өтіп жатыр. Жиынға әлемнің 120 елінен медицина саласының басшылары мен білікті мамандары келіп отыр. Олардың қатарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус, ЮНИСЕФ атқарушы директоры Генриетта Фор, ДДҰ Еуропа өңірлік бюросының директоры Жужанна Якаб бар.

 

Соңғы жаңалықтар