Үкімет басшысы ипотека алушылардың борыш жүктемесіне қатысты түсінік берді
2021 жылғы 19 желтоқсан 15:15

Үкімет басшысы ипотека алушылардың борыш жүктемесіне қатысты түсінік берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қарыз алушы шарттың талаптарын орындамаған кезде оған өзінің қаржылық жағдайын жақсартқанға дейін банктік қарыз бойынша кейінге қалдыруды ұсыну мүмкіндігіне қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2009 – 2021 жылдар аралығында ипотекалық қарыз алушылардың борыш жүктемесін шектеуге бағытталған шаралар заңнамалық деңгейде қабылданды.

«Банктер және банк қызметі туралы» Заңымен ипотекалық қарыздар бойынша міндеттеменің мерзімін өткізіліп алудың 180 күнінен кейін банктер есептеген сыйақы мен тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етуге тыйым салынды, валютада табысы жоқ қарыз алушыға шетел валютасымен ипотекалық қарыздар беру шектелді. Қарыздарды өтеу мерзімін өткізіп алғаны үшін тұрақсыздық айыбы мен өсімпұлдың шекті шамасы заң жүзінде белгіленді, банктер кредиттер бойынша алатын комиссиялар мен өзге де төлемдердің түпкілікті тізбесі бекітілді», - делінген А. Маминнің жауабында.

Оның айтуынша, табыс деңгейі төмен қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін: банктік шоттардағы қалдықтың 50 % астам мөлшеріндегі ақшадан өндіріп алуға; жәрдемақыларды, әлеуметтік және тұрғын үй төлемдерін, білім беру салымдарын алып қоюға қосымша тыйым салулар енгізілді.

«Азаматтардың проблемалық берешегін қайта құрылымдау үшін нормативтік деңгейде проблемалық қарыз алушыларды оңалту тетігі енгізілді. Бүгінгі күні 1,9 млн азаматтың кредиттері бойынша «оңалтудан өтті» мәртебесі берілді.

Қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға төлем жасау қабілетін қалпына келтіру және қарыздар бойынша өз міндеттемелерін орындауын жалғастыру мүмкіндігін беру мақсатында биылғы 24 мамырда заңнамалық түзетулер енгізіліп, 2021 жылғы 1 қазаннан бастап банктер және микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) үшін азаматтардың кредиттер бойынша проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай әрі міндетті тәртібі енгізілді. Енді банктер және МҚҰ қарыз бойынша мерзімін өткізіп алу орын алған сәттен бастап қарыз алушы - жеке тұлғаның өтініші негізінде қарыз алушының қаржылық жағдайына талдау жүргізу арқылы борышкердің проблемалық берешегімен жұмысты бастауға әрі қайта құрылымдау шараларын әзірлеуге міндетті», - деп жазды Үкімет басшысы.

Қарызды қайта құрылымдау үшін мерзімі өткен берешекті реттеудің мынадай түрлері заңнамалық тұрғыдан белгіленді:

1) сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;

2) қарыз валютасын ұлттық валютаға өзгерту;

3) негізгі борыш және сыйақы бойынша төлеу мерзімін кейінге қалдыру;

4) берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеудің кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басымдық тәртіппен өтей отырып, өзгерту;

5) қарыз мерзімін өзгерту;

6) мерзімі өткен негізгі борышты және сыйақыны кешіру, қарызға қызмет көрсетуге байланысты тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың), комиссиялардың және өзге де төлемдердің күшін жою.

«Банк немесе МҚҰ қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша өтінішті қараудан бас тартқан немесе келісімге қол жеткізбеген жағдайда, қарыз алушы бір мезгілде кредиторды хабардар ете отырып, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне өтініш беруге құқылы. Ипотекалық қарыз алушыларды қорғау шарасы ретінде Агенттіктің қарыз алушының өтінішін қарау кезеңінде кредитордың халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын борышкерлердің кепілге салынған мүлкін өндіріп алу рәсімін бастауға құқығы жоқ», - деп жазды Асқар Мамин.

Еске сала кетейік, биыл қараша айында сенаторлар кейбір екінші деңгейдегі банктер жүргізіп отырған саясатқа және жеке сот орындаушыларының жұмысына наразылығын айтқан еді. Осыған орай бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар Асқар Шәкіров, Владимир Волков және Ләззат Сүлеймен еліміздің Премьер-Министрінің атына депутаттық сауал жолдады.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT