Үкімет басшысы елімізде салынып жатқан мектептер жобасының қымбаттауы мәселесін шешуді тапсырды

None
None
денің 31-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысындағы білім беру мәселелеріне арналған  Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов елімізде салынып жатқан мектептер жобасының қымбаттауы мәселесін шешуді тапсырды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  «Білім саласына байланысты бүгінде  ОҚО-да үлкен мәселелер туындап отыр. Балабақша мәселесіне тоқталсақ, қамтамасыз етілуі 13,8 пайыз болса, республикада бұл көрсеткіш 35 пайыз шамасында. Яғни, айырмашылық 20 пайызды құрайды. Атап айтқанда, ең төменгі жағдай осы өңірде. Сондықтан балабақша мәселесі тұрғысында шұғыл шаралар қабылдану қажет», -деді Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев.

 Оңтүстік Қазақстан облысындағы мектеп мәселесіне тоқталған Ж. Түймебаев, бұл өңір демографиялық өсім жағынан дамып келе жатқандығын,  сондықтан алдағы 10-15 жылды есептеп білім беру нысандарын жоспарлау қажет екенін жеткізді.

«Республикада шикі кірпіштен салынған мектептердің 90 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысында. Сондай-ақ үш ауысымда оқытатын мектептердің 60 пайызға жуығы да осы өңірде», - деді министр.

Осыған байланысты Ж.  Түймебаев ОҚО-дағы білім беру мәселелерін шешуге тиісті қаржы бөлінуі керектігін, алайда ең алдымен бұл қаржының облыста нақты әрі тиімді жұмсалуын қадағалау керектігін айтып өтті.

Өз кезегінде Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаев  бүгінде еліміздің басқа өңірлерімен салыстырған ОҚО-да салынып жатқан мектептердің үлесі жоғары екенін атап өтті. Осы орайда ол салынатын білім беру нысандарының құны жыл сайын не себепті қымбаттап отырғандығына байланысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты. «Мысалы, қазір салынып жатқан мектептер аясында 14 нысан бойынша құрылыс жобасының қымбаттауы 5 миллиард теңгеге жуық қаржыны құрайды»,- деді Үкімет басшысының орынбасары.

 Осы орайда білім беру нысандары бойынша жобаның қымбаттауы мәселесін шешуді тапсырған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, «атап айтқанда, бұл бизнеске айналып бара жатыр. Құрылыс басталардың алдында тендерді төмен бағамен ұтып алады да, кейіннен нысанның жобасын қымбаттатуға көшеді.  Бүгінде бұл  жүйеге айналып барады», деді.

Соңғы жаңалықтар