Үкімет басшысы бос жатқан жерлерді ғарыштық мониторингпен анықтауды тапсырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жайылым жерлерін ауыл сыртына көшіріп, отарлық мал шаруашылығын дамыту керегін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жайылым жерлерін ауылдан сырт жаққа көшіріп, отарлық мал шаруашылығын дамыту керек, қажет болса, жер қорынан учаскелер берген жөн. Шалғайдағы жерлерді сумен қамту мәселесін жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып шешу қажет. Ал жер қоры шектеулі аудандарда әкімдіктер жеке қожалықтарды кооперативтерге біріктіріп, малды қолда ұстау мәселесін пысықтауы керек», - деді Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Жалпы өңір әкімдері жайылым мәселесін, оның ішінде қайтарылған жерлерді бөлуді ерекше бақылауға ұстау қажет.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі қайтарылған жерлерді бөлу мониторингі картасын уақытылы іске қоссын. Ауыл шаруашылығы және Цифрлық даму министрліктері ғарыштық мониторингті қолданып, бос жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жерлердің бар-жоғын бағаласын. Ол үшін жерді ұтымды пайдалану мониторингінің «JerInSpectr» платформасын енгізу жұмыстарын күшейту қажет», - деді Ә. Смайылов.

Айта кетейік, Қазақстанның 15 облысында мал жаю үшін 8,9 млн гектар жер жетіспейді. Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда мал санының айтарлықтай өсуіне байланысты.

Өткен жылы пайдаланылмай жатқан 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды, 2023 жылдың соңына дейін тағы 5 млн гектар жерге шара қолданылады.

Сондай-ақ Қазақстанда жер пайдаланушылардың немқұрайлығынан 90 млн гектар аумақ эрозияға ұшырады және оның 29,3 млн гектары іске жарамсыз.


Соңғы жаңалықтар