Үкімет басшысы бизнесті бақылау процесін автоматтандыруды тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында бизнесті бақылау және қадағалау процесін жыл соңына дейін автоматтандыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірінші. Ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» палатасымен бірге Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасын сапалы іске асыруды қамтамасыз етсін.

Екінші. Кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру үшін салалық мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктері бір апта мерзімде бірінші басшылардың жауапты орынбасарларын белгілесін», - деген Үкімет басшысы бұл бағыттағы жұмыс ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жүктелетінін еске салды.

«Үшінші. Мемлекет басшысы бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесінде «адами факторға» жол бермей, оны толық автоматтандыруды биылғы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Аталған жүйені тексеру нәтижесінде 93 бақылау саласының 24-і ғана, 18 қадағалау саласының 2-і ғана автоматтандырылғаны белгілі болды. Бұл жұмысты күшейту керек.

Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 2 апта мерзімде Тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде Бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін автоматтандыру жөніндегі Жол картасын әзірлеп, келісілген Картаны Премьер-Министр Кеңсесіне енгізсін.

Цифрлық даму министрлігі мемлекеттік органдардың жүйелерді автоматтандыру жұмыстарын бақылауға алсын», - деді Әлихан Смайылов.

Аталған шарада Тимур Жақсылықов қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес нысандарының нақты санын атаған болатын.


Соңғы жаңалықтар