Үкімет басшысы білім саласын сынға алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде білім беру бағдарламалары бойынша мыңдаған мамандар даярланады. Алайда экономикаға мүлдем басқа мамандар қажет, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ашығын айту керек, бүгінде білім беру бағдарламалары бар. Біраз мамандар даярланады. Алайда ел экономикасына мүлдем басқа мамандар қажет. Сонда ұсыныс пен сұраныс сәйкеспейді. Осы орайда біз Ерлан Кенжеғалиұлымен (білім министрі - авт.) ылғи дауласып қаламыз. Демек, бағдарламалар дұрыс емес, я болмаса, білім беріп жатқандар қажетті нәрсені білмейді. Әдістеме дұрыс емес пе? Әйтеуір, экономикаға қажетті кадрларды дайындамаймыз», - деді Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының V сьезінде.

Осы орайда Премьер-Министр Шымкент қаласындағы бір зауытқа жасаған сапарын еске алды. Сол кезде аталған кәсіпорынның акционері жаңадан құрылған 600 жұмыс орнына 100 маманды сырттан әкелетінін жеткізді.

«Мен айтамын, неге өз мамандарымызды алмайсыздар? Ондай кадрлар жоқ дейді. Сонда зауыт екі жыл салынды. Екі жылда оған қажетті маман дайындай алмадық па? Байланыс жасап, маман даярлауға болады ғой. Осыған байланысты тиісті тапсырма берілді. Қазіргі кезде білім беру бағдарламаларын жаңартып жатыр», - деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.

Айта кетейік, сьезд кезінде Үкімет пен «Атамекен» ҰКП арасында жаңа келісімге қол қойылды. Себебі келесі айда бесжылдық келісімнің мерзімі аяқталады. Осыған байланысты билік кәсіпкерлер ұйымының құрамынан шығады. Ал қазіргі әріптестік жаңа келісімнің негізінде жалғасады.

«Енді, өздеріңіз жақсы білесіздер, нәресте дүниеге келгенде ата-анасы оны әлпештеп өсіреді. Аяғына тұрғанша қамқорлық жасайды. Ал аяғына тұрып кеткен баланың түйсігі болса, ол ата-анасына қамқорлық жасайды, өзіне тірек болады. «Атамекен» бес жылдың ішінде жылдап емес, күнде өсті. Бес жылда жүріп өткен жолын қараңыздар. Бүгінде «Атамекен» Үкіметтің тірегіне айналды. Бес жыл өтті. Енді, біз өз өкілеттігімізді тоқтатып, қазақша айтқанда «Атамекеннің» еншісін бөліп беріп, үлкен жолға шығарып отырмыз. Біздің айтарымыз, ақ жол!», - деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ, съезд делегаттары шағын және орта бизнесті жарна төлеуден тағы үш жылға босатты.

Соңғы жаңалықтар