Үкімет басшысы: Банктердің несие бөлу көлемі 65 пайызға ұлғайтылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Банктердің несие бөлу көлемі алдағы 5 жылда 65 пайызға артады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік қолдау жұмыстарына тоқталсақ, келесі жылы биылмен салыстырғанда нақты секторды қолдауға жұмсалатын шығыстардың біршама азаюы болады. Бұған нақты секторды қолдауға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін жергілікті бюджеттерге шамамен жарты триллион теңге аударуымыз себеп болып отыр», - деді Ә. Смайылов депутаттардың сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бұл ретте Үкімет жыл сайын бюджеттерді қалыптастыру барысында нақты секторды қолдау шараларын қаржыландыруды ұлғайтып, оны жалпы ішкі өнімнің 3-3,5 пайызынан кем емес деңгейде ұстап тұратын болады.

«Экономикаға несие бөлу туралы айтатын болсақ, макроэкономикалық жағдайдың тұрақтануына қарай банктердің несие бөлу көлемін биылғы 22 триллион теңгеден 2027 жылға қарай 36 триллион теңгеге дейін, яғни бес жыл ішінде 65 пайызға ұлғайту жоспарланып отыр», - деді Премьер-Министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ә. Смайылов жаңа жобаларды жүзеге асыру өнеркәсіп өнімінің көлемін 10,5 трлн теңгеге арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Шамамен 4,4 триллион теңгеге импортты алмастыру жүргізіледі және 6,1 трлн теңгеге экспорт көлемі өседі.


Соңғы жаңалықтар