Үкімет басшысы балық шаруашылығы бойынша бірқатар тапсырма берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Отандық балық өнімдерін сататын арнаулы нысандар құру мәселесін пысықтау қажет. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел экономикасында тез дамып келе жатқан саланың бірі – балық шаруашылығы. Соңғы 3 жылда балықты қолдан өсіру көлемі 2 есе көбейді. Бұған өткен жылы қабылданған Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы айтарлықтай серпін берді. Саланы мемлекеттік қолдау іс-шаралары күшейтілді, оның ішінде қажетті азық қорын ұлғайтуға көңіл бөлінді. Балық өсіруге арналған тоғандарды жобалау рәсімдері жеңілдетілді. Салық кодексі аясында балық кәсіпшілігіне қосылған құн салығын 70 пайызға төмендету көзделді», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Оның дерегінше, қабылданған іс-шаралардың арқасында соңғы 2 жылда балық өсіретін шаруашылықтардың саны 2 есе өсті. Балық экспорты 13 пайызға ұлғайды. Еуропа елдеріне де экспорттаудамыз. Қолдан өсірілген және ауланған балық өндірісі биыл 10 айда шамамен 57 мың тонна болды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12 пайызға жоғары.

«Дегенмен, біз әлі күнге дейін өз нарығымызды отандық балықпен толық қамтамасыз ете алмай келеміз. Импорттың үлесі әлі де жоғары. Кейбір өңірлер бағдарламадағы жоспарлы көрсеткіштерді қамтамасыз ете алмай отыр. Балық өсіру көрсеткіші ең төмен өңірдің ішінде Атырау облысы да бар. Сонымен қатар Қарағанды, Алматы және Павлодар облыстарында да балық өндірісі төмен. Аталған өңір әкімдіктері жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмысты күшейтіп, бизнестің бастамаларына қолдау көрсетуі қажет», - деді ол.

Премьер-Министр кәсіпкерлерді балық өнімдерін терең өңдеуге ынталандыру, тиісті мемлекеттік қолдау шараларын акваөсіру жөніндегі заң жобасы аясында ескеру, табиғи су қоймаларындағы балық қорының көбеюіне назар аудар қажеттігін баса айтты.

«Бірінші, өңір әкімдіктері балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейтуі қажет. Балық өсіретін шаруашылықтарды ұйымдастыру үшін учаскелерді беру рәсімін жеңілдету аса маңызды. Екінші, Сауда министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, отандық балық өнімдерін сататын арнаулы объектілер құру мәселесін пысықтасын. Жергілікті өнімге сұранысты арттыру үшін жағдай жасауға тиіспіз. Үшінші, Мемлекет басшысы Атырау облысындағы мемлекеттік бекіре зауыттарының техникалық жағдайын жақсарту қажеттілігін ерекше атап өтті. Сондықтан Экология, Индустрия министрліктері мен облыс әкімдігі осы зауыттарды реконструкциялауды бюджеттік инвестициялық жобалар тізбесіне енгізу мәселесін пысықтасын», - деді Әлихан Смайылов.

Фото: primeminister.kz


Соңғы жаңалықтар