Үкімет басшысы әуекомпанияның жолаушымен диалог орнату мәдениетінің төмендігін сынға алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаңтар-ақпан аралығында «Fly Arystan» компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуы тиіс рейстердің жартысына жуығын орындаған жоқ. Мұны Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандық авиакомпанияларға қатысты жолаушылар тарапынан орынды сын-ескертулер айтылуда. Мәселен, рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты шағымдар көп. Айталық, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында «Fly Arystan» компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуы тиіс рейстердің жартысына жуығын орындаған жоқ. Сондай-ақ, 25 ақпанда дәл осы авиакомпанияның жолаушылары «Астана-Шымкент» рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында, ол рейс мүлдем орындалмай қалды», - деп мәселені атады Премьер- Министр.

Оның айтуынша, компаниялардың жолаушылармен диалог орнату, мән-жайды түсіндіру мәдениеті төмен.

«Әуекомпаниялардың жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Рейстердің кешігу себептерін уақтылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды. Осыдан барып, баға саясатында да көптеген сұрақтар туындайды», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар