+7 (701) 759 90 19
USD 384.97 EUR 427.12
RUB 6.04 CNY 54.75
Jańalyqtar

Үкімет басшысы Асқар Маминнің Түркияға сапарының қорытындысы

2019 жылғы 13 қараша 20:10
Бөлісіңіз:
Үкімет басшысы Асқар Маминнің Түркияға сапарының қорытындысы

АНКАРА. ҚазАқпарат - 9-11 қараша аралығында Қазақстан Үкіметінің басшысы Асқар Маминнің Түрік Республикасына сапары өтті. ҚР Сыртқы істер министрлігі сапар шеңберінде болған екіжақты кездесулердің, инвестициялық келісімдердің және бизнес-форумның нәтижелері бойынша ақпарат ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұқсас жаңалықтар
Асқар Мамин «Kazakh Invest» директорлар кеңесінің отырысын өткізді 20 жылдық: «Барыс» клубқа еңбек сіңірген ойыншыларға құрмет көрсетті Елордада QazaqGeography бірлестігінің V съезі өтті

Асқар Мамин бастаған үкіметтік делегацияның Анкара қаласына сапары Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев монументіне баруымен басталды. 2010 жылы ашылған еңселі монумент қазіргі таңда Түркия астанасындағы қала тұрғындары мен қонақтарының жиі жиналатын ең көрікті жерлерінің біріне айналған. Кейін Аныткабир мавзолейіне барып, Түркия Републикасының негізін қалаушы, Түркияның бірінші президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етті.

Жұмыс сапарының жалғасында Қазақстан Премьер-Министрі Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоғанмен бірге «Болашақ үшін таза ауа» акциясы аясында ағаш отырғызу шарасына қатысты. Экологиялық шара мақсаты - Түркияның 81 провинциясында 11 қарашада сағат 11-ден 11 минут өткенде үш сағат ішінде 11 млн түп ағаш отырғызу.

Сол күні ҚР Үкіметінің басшысы Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғаның қабылдауында болып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың және Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың ыстық сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді. А.Мамин бұл кездесудің екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің 10 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанына айрықша мән берді. Сонымен қатар 10 қараша күні Ыстанбұлда өткен Үкіметаралық экономикалық комиссияның ХІ отырысы және Қазақстан-Түркия бизнес-форумы туралы баяндады.


Өз кезегінде Р.Ердоған қазақ-түрік серіктестігінің стратегиялық байланысына назар аудара отырып, екіжақты сауданың 3 млрд долларға жақындағанын атап өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа өзінің ыстық ықыласы мен құрметін білдірген Түркия Президенті Елбасына Түркия тарапының бастамасымен Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы атағы берілгендігін еске салды. Сондай-ақ, Р.Ердоған Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Түркияға сапарын тағатсыздана күтетіндігін мәлімдеді.

Кездесу соңында тараптар қос ел арасындағы стратегиялық байланыстардың көкжиегі бұдан әрі де кеңейе беретіндігіне сенім білдірді.

Сондай-ақ, Премьер-Министр А.Мамин Анкара сапары барысында Түркия Палаталар және Биржалар Одағы жұмысымен танысты. ТОББ Төрағасымен өзара ортақ жобаларды пысықтау бойынша келісті.

Қазақстан Үкіметінің басшысы биылғы 10 қарашада Ыстанбұлда Түркия Вице-президенті – Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының тең төрағасы Ф. Октаймен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, әсіресе инвестициялық әріптестікті дамыту жайы сөз болды. Тараптар өзара бірлескен кәсіпорындардың санын арттыру, оның ішінде индустрия, денсаулық сақтау, көлік байланысы, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ түрік компанияларының Қазақстандағы кен орындарын өндіруге қатысуы, «Ашық аспан» режимі жағдайында екі ел арасындағы түрік авиакомпанияларының ұшу географиясын кеңейту және рейстер санын ұлғайту мәселелеріне ерекше маңыз берді.

Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының 11-ші отырысында экономикалық ынтымақтастықты арттыру бағытында кешенді келіссөздер өтті. Комиссия құрамында Қазақстан тарапынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, Сауда және интеграция министрі, Ұлттық экономика министрі, Денсаулық сақтау министрі және Түркия тарапынан Индустрия және технология министрі, Сауда министрі, Көлік және инфрақұрылым министрі, Денсаулық сақтау министрі болып, жан-жақты баяндама жасады.

Комиссия отырысында сөз сөйлеген Үкімет басшысы А.Мамин бүгінгі қабылданған шешімдердің бірегей бизнес-жобаларға айналып жатқанына тоқталды. Қазақстан тарапы негізін азық-түлік және ет өнімдері, металл, химия өнімдері құрайтын 60 экспорттық позиция бойынша нақты ұсыныстар дайындады. Қазақстан нарығының шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығы арта түсуде. Әсіресе ол «Жаңа синергия» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан 95 жоба аясында анық көрінуде. Бұдан бөлек Қазақстан елі жалпы құны 1 млрд. АҚШ долларын құрайтын 35 жаңа индустриялық-инфрақұрылымдық жобаны «Жаңа Синергия» жобасына қосуды жоспарлап отырғаны айтылды.

Қазақстан – Түркия ҮЭК қорытындысы бойынша келесі құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасында халықаралық аралас жүктерді тасымалдау туралы келісім.

2. Халал өнімдерді аккредитациялау бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.

3. «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы бойынша іс-қимылдар хаттамасы.

Сондай-ақ, Қазақстан-Түркия ҮЭК Хаттамасына қол қойылды. Хаттама екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың Жол картасын бекітті. Бұл Жол картасы келесі бағыттар бойынша 68 тармақтан тұрады: 16 - сауда және инвестициялар, 6 - көлік, 11 - мәдениет және туризм, 5 - білім беру, 4 - денсаулық сақтау, 4 - өнеркәсіп, 8 - ауыл шаруашылығы, 3 - еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету, 4 - қоршаған орта және қала құрылысы, 2 - банк және қаржы саласы, 1 - жастар саласы және 1 - аэроғарыш саласы. Жол картасында нақты іс-шаралар, жауапты мемлекеттік органдар және орындалу мерзімдері белгіленген.

Қазақстан-Түркия ҮЭК аясында министрлер және ресми делегацияның мүшелері түрік тарапындағы әріптестерімен екіжақты кездесулер өткізді және екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Қазақстан-Түркия ҮЭК отырысы барысында 2020 жылғы сәуірде екі мемлекет арасындағы көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты талқылау үшін Қазақстан-Түркия бірлескен көлік комиссиясының кезекті отырысын өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Жоспарланған кездесуде «Бір белдеу - бір жол» стратегиясының орта дәлізі аясында екі мемлекеттің бірлескен компаниялары мен логистикалық орталықтарын құру, кеме жасау саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін дамыту және жүктерді тасымалдау құнын төмендету мақсатында Баку-Тбилиси-Карс теміржолы желісін дамыту мәселелері талқыланатын болады.

Сондай-ақ, білім беру саласындағы тұрақты комиссияның 10-шы отырысын мүмкіндігінше жақын мерзімде өткізу туралы келісілді.

Сонымен қатар, 10 қараша күні Ыстанбұлда ҚР Премьер-Министрі А.Мамин және ТР Вице-президенті Ф.Октай қатысуымен Қазақстан-Түркия бизнес форумы өтті. Аталған форумға 800-ден астам түрік және 150-ге жуық қазақстандық кәсіпкерлер қатысты. Форум шеңберінде «Қазақстан және Түркияның жаңа синергиясы: Бизнес орта үшін жаңа перспективалар», «Жаңа мүмкіндіктер: Салалар, тауаша мүмкіндіктер, жобалар» және «Аймақтағы инвестициялық мүмкіндіктердің жол картасы – Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтары» сессиялық отырыстары өтті.

Сондай-ақ, бизнес форум аясында Нұр-Сұлтан қаласының, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау, Түркістан және Ақтөбе облыстарының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.

Форум барысында қазақстандық делегация әлеуетті түрік серіктестерімен 200-ден астам жұмыс кездесулері мен келіссөздер өткізді, олардың барысында түрлі жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Алқалы жиынға 50-ге жуық жетекші түрік БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақ-түрік бизнес-форумының қорытындысы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде денсаулық сақтау, құрылыс, сауда, қаржы және өндіріс салаларын қамтитын жалпы құны 1,5 млрд долларды құрайтын 18 құжатқа қол қойылды.

Сонымен қатар, TAV Airports Холдингі бизнес форум барысында 2019 жылдың соңына дейін Алматы халықаралық әуежайын сатып алу жөніндегі келіссөздерді аяқтау және жаңа халықаралық терминал мен әуежайды басқару ғимаратының құрылысына инвестиция салу ниеті туралы хабарлады.

Өзара инвестициялық әріптестікті әрі қарай дамыту мәселесі Асқар Маминнің түрік бизнесі капитандарымен болған кездесуінде де жан-жақты талқыланды. Оған Қазақстанға нақты инвестиция салып отырған және екіжақты әріптестікке қызығушылық танытқан, ел экономикасының шамамен бестен бір бөлігін құрап отырған және жалпы жылдық кірісі 120 млрд долларды құрайтын 40-тан астам ірі түрік кәсіпкерлері және Қазақстан үкіметінің мүшелері, бірқатар өңірлердің басшылығы мен ұлттық компаниялардың төрағалары қатысты.

Атап айтқанда кездесуге Түркия экономикасының 8% құрайтын, елдің ең үлкен холдингі - Koc Holding, жеңіл өнеркәсіп және тұрмыстық техниканың ең үлкен өндірушісі – Zorlu Holding, ең ірі сүт және сүт өнімдері өндірушісі – Sutas, мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі бойынша жобаларды жүзеге асыратын ең ірі холдингтердің бірі - YDA, ең ірі құрылыс мердігері - Ronesans Holding, № 2-ші және №3-ші ең ірі жиһаз өнімдерінің экспорттаушылары Kilim және Doganlar Yatirim Holding, былғарыдан жасалған бұйымдардың ең ірі өндірушісі – DESA, ең ірі киім сатушы - LC Waikiki, ең ірі аяқкиім сатушысы – FLO, ең ірі болат өнімдері өндірушісі – Tosyali Holding, ең ірі азық-түлік өндірушісі – Yildiz Holding және тағы да басқа іскерлер қатысты.

Жиында сөз алған Асқар Мамин бүгінгі таңда Қазақстанда 2400-ден астам түрік компаниясы табысты жұмыс істеп жатқанын, яғни елдегі әрбір онынша шетелдік кәсіпорын түркиялық екенін атап өтті. Қазақстан қашан да түрік инвесторларына қолайлы жағдай жасауға дайын екенін айтты.

Кездесуде кәсіпкерлердің Қазақстанда іске асырылған, іске асырылып жатқан және іске асыруы жоспарланып отырған жобалары, Қазақстандағы бизнес климат және мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды. Түрік іскерлер еліміздегі құрылыс саласы, сертификаттау, шикізат сапасы, тасымалдау шығындарын төмендету және өзге салалардағы бірқатар ашық мәселелерді атап өтті.

Сонымен қатар, Бизнес форум аясында ҚР Премьер-Министрі бірқатар ірі компаниялардың басшыларымен екіжақты 11 кездесу өткізді.

Бұдан бөлек, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сауда және интеграция, Денсаулық сақтау министрлері, Қарағанды, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері мен әкім орынбасарлары, ұлттық және жеке компаниялардың басшылары түрік холдингтерімен және компанияларымен Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларды іске асырудың мүмкіндіктерін талқылау бойынша көптеген екіжақты келіссөздер өткізді.

Түркияға жұмыс сапары барысында Асқар Мамин Кайсери қаласына да арнайы ат басын бұрып, ондағы қалалық аурухананың жұмысымен танысты. Қазіргі таңда Түркия кәсіпкерлері Қазақстанның денсаулық сақтау саласына мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде бірлескен жобаларды іске асырға қызығушылық танытып отыр. Қазақстан делегациясы Түркиядағы ең ірі ауруханалардың бірінен саналатын емдеу мекемесінің тәжірибесін қолдану денсаулық сақтау саласының дамуына серпін беретінін атап көрсетті.

Қазіргі таңда екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың барлық бағыттары қарқынды дамуда. Оған 2017 жылы Р. Ердоғанның Қазақстанға сапары және Елбасының өткен жылы Анкараға жасаған сапары елеулі ықпал етті. Оның нәтижесінде жалпы құны 3 млрд. доллар болатын 18 жоба іске асырылуда. Сауда айналымы биылғы жылдың 9 айында 68% артып, 2,3 млрд долларға жетті. Қазір екі ел бұл межені 5 млрд долларға жеткізуге көздеп отыр.

Қазақстан мен Түркия индустриялық және инвестициялық сала бойынша да іскерлік байланыстарды дамытуға айырықша маңыз беріп келеді. Оның айқын дәлелі тәуелсіздік жылдары Қазақстанға Түркиядан 4 млрд доллар инвестиция тартылса, Қазақстаннан Түркияға 1 млрд доллар инвестиция салынды. 2019 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша түрік инвестициясының көлемі екі есе артты. Бүгінгі таңда екі елдің іскер топтарының бірлесуімен 42 жоба жүзеге асырылып жатыр. Іскерлік байланыстардың жоғары деңгейі машина жасау, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, энергетика, химия және жеңіл өнеркәсіп салаларында айқын байқалады.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT