Үкімет басшысы «Алтын сапа» сыйлығының иегерлерін марапаттады

None
None
АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтіп жатқан Индустрияландыру күні шеңберінде ҚР Президентінің «Алтын сапа» конкурсының жеңімпаздары анықталды.

Оларды Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов марапаттады.

Тоқтала кететін жайт, биылғы жылы ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын тағайындауға алты жыл толады. Сыйлықты белгілеудің негізгі өлшемдері өнімнің немесе қызметтің сапасы саласындағы жетістіктер, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сапа менеджментінің қазіргі заманғы жүйелерін енгізу болып табылады.

Сонымен қатар «Алтын сапа» жыл сайын 3 аталым бойынша беріліп келеді. Осыған орай, биылғы жылы «Алтын сапаның» «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорны» аталымы бойынша «Amitech Astana» ЖШС жеңімпаз атанды. Ал «Қызметтер көрсететін үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «Эргономика» ғылыми-өндірістік фирмасы» ЖШС «Алтын сапаға» ие болды. Үшінші «Халық тұтынатын тауарлар шығаратын ең үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын «Қазақстан Тексти Лайн» ЖШС иеленді.

Естеріңізге сала кетейік,ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы әрбір аталым бойынша «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі» және «Ірі кәсіпкерлік субъектісі» санаттарымен екі сыйлықтан табыс етіледі. Осыған орай, «Алтын сапа» сыйлығы бойынша Премьер-Министр Кәрім Мәсімов негізінен «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі» санатына марапаттарды тапсырып отыр. Ал «Ірі кәсіпкерлік субъектісі» санаты бойынша «Алтын сапа» иегері мен «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін Мемлекет басшысы Н. Назарбаев марапаттайтын болады.

Соңғы жаңалықтар