Үкімет басшысы Алматы облысының аграрийлерімен проблемалы мәселелерді талқылады

None
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Шаруаларға қажетті су көлемін жеткізіп беру үшін Үкімет алдағы жылдары каналдар мен гидронысандарды салуға және жаңғыртуға қосымша қаражат бөледі. Бұл туралы Алматы облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Үкімет басшысы агроөнеркәсіп саласындағы бірқатар кәсіпорынның жұмысымен танысып, өңірдің ауылшаруашылық құрылымдарының жетекшілерімен кездесті. Бірінші кезекте инновациялық технологияларды қолдана отырып, жеміс-жидектерді терең өңдейтін «Fruit Art» ЖШС экспорттық кластеріне барды. Кәсіпорынның өнімі дамыған елдердің нарықтарына (тамақ өнеркәсібі және бөлшек сауда желілері), соның ішінде ЕО, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяға жеткізіледі.


Әлихан Смайылов Алматы облысы қолайлы климаттық және географиялық жағдайлардың арқасында ірі аграрлық өнім өндірушілердің бірі болып табылатынын атап өтті.

Сондай-ақ Премьер-Министр облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, субсидиялау, айналым қаражатымен қамтамасыз ету, су және газ көздерін қолжетімді ету, жем-жөп, ветеринария препараттары, тұқымдар, тыңайтқыштар, пестицидтер, гербицидтер, ауыл шаруашылығы техникасы және тағы басқасын сатып алу мәселелерін талқылады.


«Субсидиялау жүйесін өзгертіп, өнімділікке тікелей әсер ететін субсидияларды ғана қалдыру жоспарланған болатын. Бірақ фермерлермен кеңескеннен кейін біз қолданыстағы кейбір субсидиялау стандарттарын сақтап қалу туралы ортақ келісімге келдік. Өз тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер азаматтарды қолжетімді бағада сапалы өніммен қамтамасыз етуге тиіс», — деді Үкімет басшысы.


Сонымен қатар Әлихан Смайылов алдағы жылдары Үкімет шаруаларға қажетті су көлемін жеткізіп беру үшін каналдар мен гидронысандарды салуға және жаңғыртуға қосымша қаражат бөлетінін айтты.


Одан кейін Премьер-Министр 2022 жылы іске қосылған және жылына 15 мыңға дейін өнім шығаратын «Nauryz Agro KZ» ЖШС бройлерлік құс фабрикасының жұмысымен танысты. Барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келетін кәсіпорынның өз инкубаторы бар және қазіргі уақытта ет өңдеу цехының құрылысы жүріп жатыр.


«Азық-түлік қауіпсіздігі – бүгінгі күннің басты сын-қатерлерінің бірі. Облыс әкімдігі өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін және агроөнеркәсіп кешеніндегі жұмыспен қамту деңгейін арттыру үшін осындай жобаларға қолдау көрсетуі қажет», — деді министрлер кабинетінің басшысы.


Сонымен қатар Үкімет басшысы тез дайындалатын тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС кәсіпорнына барды. Өз өнімдерін ішкі нарыққа да, жақын шет елдерге де сатып отырған зауытта 850 адам жұмыс істейді. Өткен жылы мұнда алкогольсіз сусындардың жаңа желісі іске қосылды. Өндіріс қуатты жылына 78 млн бөтелкені (лимонадтар және т.б.) құрады. Қосымша 90 жұмыс орны құрылды.


Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл заманауи зауыт – шетелдік инвестицияның қатысуымен іске асып жатқан табысты жобаның нақты көрінісі.

«Бүгінгі таңда өнімнің 70% астамы экспортқа жіберіледі, бұл өңірдегі тамақ өнеркәсібін дамыту әлеуеті қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Осыған байланысты жергілікті билік жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және оларды кеңейту мәселелері бойынша жәрдемдесуі қажет», — деді Премьер-Министр.




Фото: primeminister.kz

Соңғы жаңалықтар