Үкімет балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Осы тұрғыда балық шаруашылығы әлемде, сондай-ақ Қазақстанда да серпінді дамып келе жатқан перспективалы бағыттардың бірі. Бұл ретте мамандардың пікірі бойынша еліміздің балық саласын дамыту бойынша елеулі әлеуеті бар екенін атап өткім келеді. Балық шаруашылығы саласын дамыту үшін оңтайлы жағдайлар жасауға, балық өсіру шаруашылығы құрылысы кезінде шығындарды қысқартуға, саланы одан әрі дамытуға серпін беретін заңнамалық түзетулер Парламентте қаралуда», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Премьер-министрдің айтуынша, бағдарлама іске асырылса, бұл айтарлықтай экономикалық әсер береді.

«Мәселен, балық өнімінің экспорты қазір 30 тонна болса, 2030 жылға қарай ол жылына 136 тоннаға дейін өседі деген болжам бар. Демек, өндірісті ұлғайту импортты 45 тоннадан жылына 25 тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Балықты ішкі тұтыну екі есе ұлғаяды. Бұдан басқа, балық саласын дамыту 50 мыңға дейін жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жыл сайынғы балық өсіру көлемі 30 есе артып, ағымдағы жылдағы 9 мың тоннадан 2030 жылы 270 мың тоннаға дейін жетеді. Жалпы Экология министрлігінің ұсыныстарын қолдаймыз», - деді ол.

Отырыста Үкімет мүшелері балық шаруашылығы саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының ұсынылған жобасын мақұлдады.

«Экология министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, бағдарламаның іс-шараларының уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет және балық шаруашылығы саласын дамыту бойынша қойылған көрсеткіштерге қол жеткізілу керек», - деген Асқар Мамин бұл міндеттің орындалуын орынбасары Роман Склярға тапсырды.


Соңғы жаңалықтар