Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» бойынша белсенді келіссөздер бастап кетті - Премьер-Министр

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Өңір активімен кездесуде Премьер-Министр Әлихан Смайылов облыс басшылығы экономиканы, инфрақұрылымды, кәсіпкерлікті және әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі шараларды іске асыруды жалғастыруы тиіс екенін атап өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат Үкіметтің телеграм каналына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының күрт және негізсіз өсуіне жол бермеуді басты басымдықтардың бірі деп атады.

«Нарықты отандық өндірістің сапалы өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізу қажет. Оның кең ассортименті мен жеткілікті болуы бағаның өсуін тежейді. Бұл бағытта әкімдік жұмыс істеуі керек», - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, Премьер-Министр модернизация қарқыны төмен және технологиялық жағдайы нашар «АрселорМиттал Теміртаудағы» жағдайға тоқталды. Өнеркәсіптік қауіпсіздікке немқұрайлы қараудың салдарынан өлім-жітім көбейіп барады. Бүгін кәсіпорынның тағы бір қызметкері қаза тапты.

«Мұның бәрі – компания басшылығының тікелей жауапкершілігі. Осыған байланысты оларға кәсіпорынның ешқандай сын көтермейтін барлық бағыттары бойынша наразылық білдірілді. Қазір Үкімет бұл мәселелерді реттеу бойынша белсенді келіссөздер бастап кетті», - деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, ол өнеркәсіптік өндірістердің экологиялық жағдайға тигізетін зардабын азайту, «Саран» индустриялық аймағын дамыту, білікті мамандарды даярлау, жалақыны уақтылы төлеу және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелерін бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Бұған дейін хабарланғанындай, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қарағанды облысының әкімі болып Ермағанбет Бөлекпаев тағайындалды.

Сондай-ақ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық зауытының коксхимиялық өндірісінде апат болып, бір адам көз жұмды.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жұмысы тоқтауы мүмкін екені хабарланды.

Фото: t.me/KZgovernment


Соңғы жаңалықтар