ҮКІМЕТ АПТАЛЫҒЫ: Сел тасқынынан зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі – Б. Сапарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптаның басты оқиғасы Алматыдағы төтенше жағдай болды. 23 шілде, бейсенбі күні түнгі сағат үштерде толассыз жауған жаңбырдан Қарғалы жəне Қарағайлы өзендерінің деңгейі бір метрге көтерілген. Осының салдарынан Алматы қаласының жоғары жағындағы Наурызбай ауданының бірнеше елді мекенін лай су басып қалды. Абырой болғанда қаза тапқандар жоқ, дегенмен көптеген адамдар зардап шегіп, үй-күйсіз қалды. Олар сел баспаған жерлердегі мектептерге орналастырылып, материалдық-рухани көмек алды.

Осы оқиғаға байланысты Алматыға барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев сел тасқыны салдарынан зардап шеккендерге қала әкімдігі мен мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, сел тасқыны салдарын жою жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр. «Сел тасқыны салдарынан жергілікті немесе республикалық маңызға ие жолдар зақымдалған жоқ. Қала тұрғындарынан алаңдамауларын сұраймыз. Қазір оқиға аймағында селдің салдарын жою жұмыстарына қалалық ТЖД, ІІД, «Құтқару қызметі» кәсіпорны, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі және Ұлттық гвардия тарапынан барлығы 1200 адам мен 167 техника жұмылдырылған», - деді Б. Сапарбаев.

Ал сол күні таңертең қалалық мәслихатта Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қалада төтенше жағдай режімі жарияланғанын мәлім етті. Алматы қаласы әкімі баспасөз қызметінің түсіндіруінше, бұл сел тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға дер кезінде көмек көрсету мақсатында жасалып отыр. Төтенше жағдайдың зардабын жоюға 2 млрд. теңге бөлінді.

Сонымен қатар, сел тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша арнайы штаб құрылды. Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Юрий Тілеумұратовтың айтуынша, бизнесмендер қауымы сол күні бір сағат ішінде бір миллион теңге жинаған. Одан басқа, палата қызметкерлері бір күндік жалақыларын арнайы шотқа аударды. Бұл 400 мыңнан астам теңгені құрады.

Сондай-ақ, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті хабарлағандай, Алматы қаласында сел тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсететін штаб құрылды. «Алматы қаласының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы сел ағынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін штаб құрды. Ол Алматы қаласы Достық даңғылы, 160 мекенжайы бойынша Кәсіпкерлерді қолдау орталығында орналасқан (тел. 8 727 331 01 33). Штабта азық-түлік, киім және т.б. жиналады. Штабтың жұмыс уақыты сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін», делінген хабарламада. Сондай-ақ зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетушілер үшін RBK BANK, ИИК KZ 088210339812162864 есепшоты ашылған.

Басқа да жаңалықтар туралы айтар болсақ, дүйсенбі күні Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев «Қазақстан ғарыш сапары» мен Airbus ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін салып жатқанын мәлім етті. Осы жобаны іске асыруда стратегиялық әріптес әрі ғарыш саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі «Airbus Defence and Space» француз компаниясы таңдалды.

Министрдің сөзіне қарағанда, жобаны жүзеге асыру нәтижесінде ғарыш аппараттарын, спутниктік аппаратураларды және ғарыш техникаларын жобалау, құрамдас бөліктерін әзірлеу, жинау және сынау үшін жоғары технологиялық кәсіпорын салынатын болады.

Атап айтқанда, бұл кешенде байланыс спутнигі; Жерді қашықтықтан зондтау спутниктері (оптикалық және радиолокациялық); ғылыми-технологиялық спутниктер секілді ғарыш аппараттарының түрлері жобаланып, құрастырылады және сынақтан өткізіледі.

Айта кетейік, Елбасы өзінің «100 қадам» Ұлт жоспары реформаларында экономиканың басым секторларында «зәкірлік инвесторлармен» - «Эйр Астана», «Теңіз-Шевройл», ҚТЖ локомотивтерін шығару жөніндегі зауыт үлгісі бойынша халықаралық стратегиялық серіктестермен бірлескен кәсіпорындар құру жөнінде тапсырма берген болатын.

Онда шетелдерден жоғары білікті мамандар тарту үшін АҚШ, Канада, Австралия үлгісі бойынша қолайлы көші-қон режімін қалыптастыруды да қосымша жүргізу тапсырылды.

Ал сәрсенбі күні, яғни 22 шілдеде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақ мәдениетін шетелде насихаттайтын «Мәңгілік мұра» атты жоба қолға алынғаны туралы баяндады.

«Еліміздің тарихи-мәдени дамуына жалпыұлттық «Мәңгілік мұра» атты мәдени жобасының қолға алынуы серпін береді. Бұның алдында іске асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасына қарағанда, бұл жоба Қазақстанның мәдени мұрасын әлемдік мұралар қорымен ықпалдастыруға бағытталған. Яғни, біздің керемет «Мәдени мұра» бағдарламамыз ішкі біртектілігіміздің дамуына үлес қосқан болса, «Мәңгілік мұра» жобасы Қазақстан өнері мен мәдени құндылықтарын әлемдік қауымдастыққа насихаттауға бағытталған», - деді министр.

23 шілде, бейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингке ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi Бiлiм беру және ғылым саласындағы бақылау комитетiнiң төрағасы Саят Нүсiпов қатысып, Қазақстанда енді мектеп оқулықтары басып шығарылмас бұрын қоғамдық сараптаудан өтетінін мәлім етті.

Комитет басшысының айтуына қарағанда, соңғы уақытта мектеп оқулықтарының сапасына қатысты сын айту бәсеңси бастады. Дегенмен де, мектеп оқулықтарына сараптама жүргізудің тәртібі біршама өзгеріске ұшыраған.

«Оқулық сараптамасы үш сатыдан өтеді. Бірінші ғылыми сараптама, екіншісі педагогикалық, үшіншісі қоғамдық сараптама. Бұндағы басты жаңалық: қоғамдық сараптама біздің сайт арқылы тікелей авторизацияланған қоғам өкілдерімен жүргізіледі. Бұл үшін оқулықтың жобасы немесе толық макеті электрондық түрде ұсынылып, оның сараптамасы үшін қолжетімділік тұтастай қамтылады. Осы уақыт аралығында тиісті сайтта авторизацияланған барлық сарапшылар әлі баспаға түспеген, министрлік бекітпеген оқулық жобасымен танысып, ескертулері болса жасап шығады. Осылайша, біздің оқулықтарымыздың сапасына қатысты ешқандай да сын болмасы үшін біз қоғамдық сарапшылардың кең ауқымын тартуды көздеп отырмыз», - деді комитет төрағасы С. Нүсіпов.

Жұма күні ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 27 мыңнан астам ауыл тұрғыны «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасына және «Өрлеу» жобасына қатысуға ниет білдірген.

«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын түсіндіру жөніндегі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жұмылдыру топтары жұмысының нәтижесі бойынша ағымдағы жылғы 16 наурыз және 22 шілде аралығында 27 мың 108 адам «ЖҚЖК 2020» бағдарламасына және «Өрлеу» жобасына қатысуға ниет білдірді («ЖҚЖК 2020» - 20мың 984 адам, «Өрлеу» - 6 мың124)», делінген хабарламада.

Ағымдағы жылдың 1-22 шілде аралығында мобильдік топтар 620 ауылдық елді мекенде тұратын жұмыссыз және өздігінен өнімсіз еңбекпен шұғылданған 93,6 мыңнан астам тұрғынды қамтыды. Олардың 34,5 мыңы жұмыссыз, 59,1 мыңы - өздігінен жұмыспен қамтылғандар. Ең көп қамтылған ауылдық елді мекендер келесі өңірлерде байқалады: Оңтүстік Қазақстан облысы - 141, Солтүстік Қазақстан облысы - 121, Алматы облысы - 90. Ең жоғары көрсеткіштер келесі өңірлерде байқалады: Оңтүстік Қазақстан облысында - 4 мың 852 мың адам, Қызылорда облысында - 1 мың 256 адам, Қарағанды облысында - 1 мың 203 адам «ЖҚЖК 2020» бағдарламасына қатысуға ниет білдірді. Бұрын хабарланғандай, жалпы Қазақстан бойынша құрамында 441 қызметкер бар 178 жұмылдыру топ құрылған болатын. Бастапқыда жұмыссыздықтың деңгейі жоғары, аз қамтылған, өздігінен жұмыспен шұғылданатын тұлғалар, сондай-ақ «ЖҚЖК 2020» бағдарламасына қатысуы төмен болған 181 ауданның 404 ауыл тұрғынын қамту жоспарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар