Үкімет: Әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының тұрақтылығына қатаң бақылау болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеу мен азық-түлікпен қамтамасыз тақырыбы қаралды.

ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, биылғы жылдың басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 4,4 пайызға өсті. Негізгі өсімді қарақұмық жармасы мен қант, сәбіз бен картоп көрсетті. Басты себебі егістік аумағының қысқаруы мен маусымдық фактор.

«Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өсімі барлық аймақтарда байқалады. Дегенмен тауарлардың көпшілігі бойынша ішкі нарықтағы сұраныс отандық азық-түлік тауарлары есебінен жабылды», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бес түрінде бағаның төмендеуі байқалып отыр. Мәселен, қырыққабақтың бағасы 21,4 пайызға төмендеді. Жалпы өсім көрсеткіші 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда екі есе төмен. Аталған өсудің 90 пайызы, яғни 4,1 проценттік пункті, елде төтенше жағдай режимі енгізілген кезеңде тіркелді. Бұның негізгі себептері карантиндік шаралармен байланысты азық-түлікке деген ерекше сұраныс және логистика мен тауар тасымалдау шарттарының өзгеруі, маусымаралық кезеңдегі тапшылық болды.

«Сонымен қатар, биылғы мамыр айынан бастап баға өсімі реттеле бастады. Атап айтқанда, бағалар мамырда 0,1 пайызға өсті, маусым мен шілдеде өспей, тамызда тіпті -1 пайызға төмендеді», - деді Б. Сұлтанов.

Белгілі болғандай, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру міндеттемесімен «айналым схемасына» жергілікті бюджеттерден 14,2 млрд теңге бөлінді. Бұл нарықтық механизм қазірдің өзінде тиімділігін көрсетіп отыр. Алматы қаласы бойынша басқа өңірлермен салыстырғанда қомақты қаражат бөлінді. Нәтижесінде, шаһарда жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуі 2,2 пайызды құрады. Бұл ел бойынша ең төмен көрсеткіш болып отыр.

Ал Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында «айналым схемасына» қаражат бөлінген жоқ, нәтижесінде аталған өңірлерде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуі тиісінше 6,1% және 5,7%-ті құрады.

«Бағаларды тұрақтандыру үшін Сауда және интеграция, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің бірлескен бұйрығымен төтенше жағдай режимі кезеңінде 9 әлеуметтік маңызы бар тауарға шекті баға белгіленді. Сонымен қатар, министрлік әкімдіктерге ішкі сауда субъектілерінің шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін сақтауға бақылау жүргізу бойынша ұсыныстар жіберді. Аталған ұсыныстарды орындау үшін әкімдіктер мен министрліктің аумақтық бөлімшелері тұрақты негізде мониторинг жүргізіп, оның қорытындысы бойынша 180 әкімшілік айыппұл салды», - деді Б. Сұлтанов.

Айта кетейік, биылдың 22 наурызынан бастап төтенше жағдай режимінің әрекет ету кезеңінде 7 тауарды экспорттауға, сондай-ақ тауарларды ай сайын шығаруды квоталауға тыйым салынды. Бұдан басқа, бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында биылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импорты мен сатылуына қосылған құн салығының ставкасы 12%-тен 8%-ке дейін төмендетілді.

Сауда министрлігі мамандарының бағалауынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі тұрақтанады және жыл соңына дейін 6 пайыздан аспайды. Бұл болжам барлық қолданыстағы факторларды және бағаны тұрақтандыру бойынша мемлекет қабылдаған шараларды ескере отырып жасалды.

Мұнымен қоса, Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров министрлік ішкі нарықты негізгі 29 тауар позициясымен толықтыру жұмысын жүргізіп жатқанын айтты. Бұл ретте, 12 тауар бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 100 пайызды және одан көп мөлшерді құрайды. 11 тауар бойынша қамтамасыз етілу 80 пайыз және одан көп. Ал қалған азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша импортты алмастыру жұмысы жүргізілуде.

Оның сөзіне қарағанда, ішкі нарықты өсімдік шаруашылығы өнімдерімен толықтыру үшін сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 439,2 мың гектарға кеңейтілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 22,7 млн гектарға жеткізілді.

«18 млн тонна астық дақылдарын жинау жоспарлануда, бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті іске асыруға жеткілікті. Майлы дақылдардың жалпы көлемі 2,6 млн тонна болады деп күтілуде, бұл өткен жылмен салыстырғанда 200 мың тоннаға артық. Сондай-ақ, картоп және көкөніс-бақша дақылдарын өндіру көлемі сәйкесінше 4 млн тоннаға және 6,8 млн тоннаға дейін ұлғайтылатын болады», - деді С. Омаров.

Атап айтқанда, қорларды бағалау жолымен өңірлердің азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізілуде. Азық-түлік тауарларының 16 түрі бойынша Үкіметтің резервтері қалыптастырылған. Бұл мақсаттарға 16,7 млрд теңге бөлінді, ол 43,5 мың тонна азық-түлік сатып алуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, әкімдіктердің жедел деректері бойынша қазір республикада жалпы көлемі 619,2 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары мен 318,6 млн жұмыртқа қоры бар.

Сонымен қатар С. Омаров тұрақтандыру қорларының қызметіне тоқталды.

«Қазіргі кезде тұрақтандыру қорларында 27,7 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, оның ішінде 12,5 мың тонна ұн, 7,9 мың тонна қант, 1,7 мың тонна макарон, 1,4 мың тонна күріш, 1,3 мың тонна өсімдік майы және азық-түліктің басқа да түрлері сақталуда. Бұдан басқа, 21 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, оның ішінде 9,1 мың тонна картоп, 3 мың тонна пияз, 2,5 мың тонна сәбіз, 2 мың тонна қант және басқа да тауарлар түрлерін жеткізуге форвардтық шарттар жасалды», - деп нақтылады ведомство басшысы.

Үкімет отырысында қаралған мәселегі қатысты Премьер-Министр Асқар Мамин бірқатар тапсырма жүктеді.

«Алматы қаласының бағаны тұрақтандыру бойынша және осы бағытта нақты жүргізілген жұмысын атап өткен жөн. Қалада «қайтарымды схема» үшін жедел түрде қаражат бөлінді, бұл тұрақтандыру қорларын дер кезінде толықтыруға, сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімін кеңейтуге мүмкіндік берді. Осы ретте, барлық әкімдіктер бұл бағыттағы жұмысты белсенді жалғастырып, бағаны тұрақтандыру шараларын қабылдау керек, бұл үшін тиімді құралдар бар. Әкімдіктер алдын алу шараларын дер кезінде қабылдаса, бағаның тұрақтылығы мен оны тежеу қамтамасыз етіледі», - деді А. Мамин.

Үкімет басшысы бағаны қымбаттатуға ешбір себеп жоқ екенін қадап айтты. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық түрлері бойынша бағаның тұрақтылығына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі.

«Халықаралық астық нарығында қалыптасып отырған конъюнктураны ескеріп, Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, сыртқы жағдайға және азық-түлік қорының жеткілікті болуы мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығына мониторингіні жалғастыруы қажет. Екіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі «қайтарымды схема» арқылы сауда желілеріне жеңілдікті қарыз беру механизмін кеңейту, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін форвардтық сатып алу практикасын барлық өңірлерде енгізуді тапсырамын», - деді Асқар Мамин.

Мұнымен қоса, Премьер-Министр азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әкімдіктерге импортқа тәуелді тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша жобаларды басым тәртіппен іске асыруды тапсырды.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер өзімізде өндірілетін азық-түліктің, әсіресе, картоп, ұн, сәбіз және қарақұмық жармасы бағасын өсіруге жол бермеуі қажет. Елдің барлық қажеттілігін толығымен қамтамасыз ету үшін олар жеткілікті көлемде өндіріледі. Әкімдер осы мәселені ерекше бақылауға алсын», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар