Үкімет аграрлық ғылымды дамытуға назар аударуы тиіс - Елбасы
«Агроөнеркәсіп кешені саласындағы заңнамалар одан ары жетілдіруді талап етеді. Біз бұл жайында да аз айтқан жоқпыз. Бұл - біздің экономикамыздың ірі секторы. Саланың болашағы зор, бізге жұмыс істеу қажет»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы сақтандыру, аграрлық қолхатты енгізу, кредит серіктестіктерін дамыту, сонымен қатар ветеринария саласындағы бақылау жүйесін жетілдіру қажеттігіне назар аудартты.
«Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық ғылымды дамыту мәселесіне байыпты назар аударулары қажет. Біз бұл жайында да айтқан болатынбыз. Заңнамалық түзетулердің сәйкесінше топтамасы әзірленген және Парламенттің қарауында жатыр», - деді Елбасы.
Айта кету керек, бүгін Мемлекет басшысы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мәселелерді шешуді тапсырды. Сонымен қатар, келесі Жолдауда қандай мәселелер қозғалатынын айтты.