Үкімет 2018 жылы мұнай бағасына болжамды 60 доллар деңгейінде белгіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен 2022 жылға дейінгі нақтыланған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемдік экономикадағы ағымдағы ахуалды, тауар нарықтарының конъюнктурасын, 2017 жылды және 2018 жылғы қаңтар-қыркүйектегі Қазақстан экономикасы салаларының алдын ала даму қортындыларын ескере отырып, 2018 жылға макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы нақтыланды. Базалық сценариде мұнай бағасы 2018 жылы 55 АҚШ долларынан 60 АҚШ долларына дейін артты», - делінген таратылған мәліметте.

Номиналды жалпы ішкі өнім 58 242,9 млрд теңге көлемінде бағаланды. Бұл сәуірде мақұлданған болжамға қатысты 1 036, 2 млрд теңгеге артық. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,8 пайыз деңгейінде сақталды. Сонымен қатар, экономика салаларының өсу болжамы да сақталды.

Белгілі болғандай, экспорт бойынша болжам 2,6 млрд долларға артып, 56,5 млрд долларды құрады. Ал импорт 33,2 млрд долларды қамтымақ.

Бұдан бөлек, Ұлттық банк жылдық инфляцияның нысаналы дәлізін бұрын жоспарланған 5-7 пайыз шегінде сақтады.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялау барысында бюджеттік шығыстардың басымдықтарын қайта қарауды міндеттеген болатын.

Соңғы жаңалықтар