Үкімет 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қабылдады

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, жобаның базалық сипаттамасы жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасы мен 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес айқындалды. Болжамдар консервативтік болса да бюджетке түсетін түсімдердің құрылымы сапалы түрде өзгерді.

«Мұнайлық емес түсімдердің көлемі ағымдағы жылдың жоспарына қарағанда 851,1 млрд теңгеге немесе 19,3 пайызға өсіп, 2018 жылы 5 271,4 млрд теңгені құрайды. Бұл оң өзгерістің негізгі факторлары ел экономикасын жаңғырту, макроэкономикалық ахуалды тұрақтандыру және салықтық әкімшілендіруді жақсарту болды. Бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің көлемі ағымдағы жылмен салыстырғанда 1 901,3 млрд теңгеге төмендеді. Бұл Ұлттық қордан берілетін кепілдірілген трансфертті біртіндеп азайтуға және нысаналы трансферттен бас тартуға байланысты болды», - деді ол.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, мұнайдың бағасын барреліне 50 доллардан 45 долларға дейін түзетудің нәтижесінде экспорттық кеден бажынан түсетін түсімдер көлемі азайды.

Шығыстарды оңтайландыру жүргізілді. Бұл ретте, бюджет жобасы Үкіметтің алдына қойылған барлық міндеттердің іске асырылуын қамтамасыз етеді. Шығыстардың әлеуметтік бағытын нығайту арқылы адами капиталды дамыту жалғасатын болады. Бұл ретте, бұрын алынған міндеттемелердің барлығы орындалады. Экономикалық өсу технологиялық жаңғыру және экономиканы цифрландыру, аграрлық секторды, көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту арқылы қамтамасыз етілетін болады. Сол сияқты бюджет жобасы мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де бағытталды.

«Бүгін заң жобасы Премьер-Министр Кеңсесімен бірлесіп Парламент Мәжілісінің қарауына енгізуге дайындалатын болады», - деді Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар