Үкімет 10 жылдан кейін қазақстандықтардың өмірін қалай жақсартпақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2025 жылға дейінгі Қазақстан дамуының жаңа стратегиялық жоспарының міндеттері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«10 жылдың ішінде әрбір азамат өз өмірінің жақсарғанын, әлеуметтік көңіл-күйінің артқанын сезінуі тиіс. Ол Үкімет әзірлеген бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижесін нақты әрі түсінікті алуы қажет»,-  деді ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына  орай сарапшылармен өткен кездесуде.

Оның сөзіне қарағанда, аталған жоспарда 7 жетістікке қол жеткізу көзделіп отыр. Біріншісі - халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемін 35 мың долларға жеткізу. Екіншісі -  өмір сүру ұзақтығын қазіргі 72-ден 75 жасқа дейін  арттыру. Үшіншісі - барлық қалаларды 100 пайыз, ал ауылдарды 80 пайызға орталықтандырыған сумен жабдықтау жүйесімен қамту.  Төртіншісі - талап етілетін білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету. Яғни, 2025 жылға дейін 3-6 жастағы бүлдіршіндердің 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамтылуына жағдай жасау.

«Бесіншісі -  «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы қолжемтімді баспанамен қамтамасыз ету. Біздің міндетіміз 10 жылда 100 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру болып отыр. Біз жыл сайын 10 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беруге тиіспіз және осы бағдарламаның арқасында миллионнан астам отбасы өзінің баспанасын жақсартуға қол жеткізеді», - деді Бишімбаев.

Оның айтуынша, алтыншыдан 500 мың жаңа кәсіпорынның пайда болуына барлық жағдай жасалатын болады.

«Жетіншісі  барлық мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру. Заманауи сандық технологиялар қызметтерді барынша тиімді әрі сапалы беруге мүмкіндік жасайды және адамдар бюрократиямен сирек бетпе-бет келетін болады», - дейді министр.

Соңғы жаңалықтар