Уимблдон турнирінің ширек финалына шыққаныма қатты қуандым – Елена Рыбакина
2022 жылғы 5 шілде 05:18

Уимблдон турнирінің ширек финалына шыққаныма қатты қуандым – Елена Рыбакина

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің ширек финалына шыққанына қатысты пікір білдіріп, қуанышымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, биылғы жыл басы қазақстандық теннисші үшін онша сәтті бола қойған жоқ.

«Жыл басында мен өзіме сенімді болмадым, өйткені маусымға жақсы дайындала алмадым. Жарақат алып, аллергиядан, ковидтен зардап шектім. Әйтеуір бір мәселе туындады да тұрды. Қазір өте бақыттымын. Қалай ойнап жатқаныма, бабымның қандай екендігіне қарамастан, тартысты ойындарда жеңіске жеттім. Тағы бір айтатыным, мен өзімді ешкіммен салыстырмаймын. Тек өзімнің талантым бар екендігін білемін. Менің бойым ұзын және өте тез ойнаймын. Осы қаруымды жиі пайдалануға тырысамын», деді Е.Рыбакина.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің халықаралық турнирлерде жақсы нәтиже көрсеткенін , Елена Рыбакинаның Уимблдонда ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.

Е.Рыбакина ширек финалда әлемнің 44-ракеткасы, аустралиялық Айла Томляновичпен шеберлік байқасады. Ол төртінші айналымда рейтингте 37-орындағы франциялық Ализе Корнеден айласын асырды – 4:6, 6:4, 6:3.


Сурет: ktf.kz


Ұқсас жаңалықтар
Елена Рыбакина Торонто мастерс турнирінде жеңіліп қалды
2022 жылғы 11 тамыз 00:10

Елена Рыбакина Торонто мастерс турнирінде жеңіліп қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Елена Рыбакина Торонто (Канада) WTA-1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 11-ракеткасы, 18 жастағы америкалық Кори Гауфпен шеберлік байқасты.

Бірінші партия барысында брейк жасаған америкалық спортшы басымдылық танытты – 6:4.

Тартысты өткен екінші сетте тай-брейкте Елена сәтті ойнай білді – 7:6 (10:8).

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші брейкпен алға кеткенімен, К.Гауфф сол бойда таразы басын теңестірді – 2:2. Сосын Гауфф 4:2 есебімен алға шықты. Есеп 5:3 болып, матчқа доп бергенде, Рыбакина брейк жасап, сосын есепті теңестірді – 5:5. Ақыры матч тағдыры тай-брейкте шешілді. Бұл жолы Гауфф жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:3).

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Е.Рыбакина 8 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 4 брейкпен көзге түсті.

Америкалық теннисші Торонто жарысының (жүлде қоры – 2 млн 697,250 мың АҚШ доллары) ширек финалына шығу үшін әлемнің 6-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко немесе рейтингте 41-орында тұрған испаниялық Сара Соррибес-Тормоның біреуімен таласады.

Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева екінші айналымда әлемнің 3-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Чикаго турнирінің екінші айналымына өткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Өскемен турнирінде қазақстандық теннисшілер өзара кездеседі.




Маған бокс онша ұнамайды - Данияр Елеусінов спорттық мансабын аяқтау жайлы пікір білдірді
2022 жылғы 10 тамыз 23:08

Маған бокс онша ұнамайды - Данияр Елеусінов спорттық мансабын аяқтау жайлы пікір білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов (11-0, 6 КО) жақын арада спорттық мансабын аяқтау мәселесіне қатысты пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

«Маған бокс онша ұнамайды, мен бар болғаны жеңіске жеткенді ұнатамын. Маған промоутер керек, менің жекпе-жекке шығуым керек. Жыл соңына дейін осы ойлағаным болмаса, онда спорттық мансабымды аяқтайтын шығармын. Мен өзімді маған сенетін және мен үшін басын бәйгеге тігетін промоутерге лайықпын деп санаймын», - деді спортшы.

Данияр соңғы рет жекпе-жеке өткен жылдың желтоқсанында аргентиналық Хуан Эрнан Леалмен (15-3, 4 КО) шыққан. Ол жолы төрешілер бірауыздан шешім шығарып, IBO нұсқасы бойынша жартылай орта салмақта әлем чемпионы атағын Елеусіновке берген еді.
Елордада спидкубингтен Азия чемпионаты өтеді
2022 жылғы 10 тамыз 20:33

Елордада спидкубингтен Азия чемпионаты өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде алғаш рет спидкубингтен Азия чемпионаты өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған спорт түрінен Азия чемпионаты 2 жылда бір өтеді. Жарысты өткізетін ел байқау арқылы анықталады.

Биыл спидкубингтен Азия чемпионатын өткізу құрметі Орталық Азия елдері арасында алғаш Қазақстанға бұйырып тұр. Сондай-ақ, аталған спорттық бәсеке ТМД елдері арасында да тұңғыш өткелі тұр.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионат аясында рубик текшесін (кубик рубик) құрастырушы шеберлер әлемге танымал жерлестеріміз әнші Димаш Құдайберген мен боксшы Геннадий Головкиннің кескінін құрастырып шығады.

«Нұр-Сұлтан қаласында өтетін спидкубинг чемпоинаты 4 күнге созылады. Жарыста Азияның үздіктерін анықтайтын боламыз. Жеңімпаздар жарыс соңында белгілі болады. Үміткерлер 17 тәртіп бойынша сайысқа түседі. Сынақ классикалық түрден бастау алып, кезең сайын қиындай түседі», - деді Қазақстан спидкубинг федерациясының президенті Арман Мәшімов чемпионатты өткізуге орай өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, қауымдастық басшысы елімізде спидкубингті интеллектуалды спорттық бағыт ретінде дамыту керектігін айтып отыр.

Аталған спорттық бәсеке елордада ертең басталады. Чемпионатқа 13 елден 18-20 жас аралығындағы 116 спортшы қатыспақ.

Айта кетсек, спидкубингтен Азия чемпионатының кубогі «Бәйтерек» тәріздес болады. Сонымен қатар жеңімпаздарға дүниежүзілік спидкубинг қауымдастығының (World Cube Association) медалі табысталмақ. Сайыстың жалпы жүлде қоры 9 мың АҚШ долларын құрайды.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT