Уимблдон: Елена Рыбакина екінші айналымға шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың басты фавориттерінің бірі Е. Рыбакина биыл өткен жылғы чемпиондық атағын қорғауға тиісті еді.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 49-ракеткасы, америкалық Шелби Роджерспен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар бес мәрте кездесіп, соның үшеуінде Е. Рыбакина жеңген еді.

Бұл жолы орталық корттағы матчта америкалық теннисші брейкпен бірден алға шықты – 2:0. Сет біткенше сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.

Есесіне екінші партияда қазақстандық спортшы 5:0 есебімен алға кетті. Сосын өз пайдасына шешті – 6:1.

Е. Рыбакина үшінші, шешуші сетті де брейкпен бастады – 1:0. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.

Бір сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 12 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.

Елена Рыбакина үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 74-ракеткасы, франциялық Ализе Корне немесе рейтингте 127-сатыдағы жапониялық Нао Хибиноның біреуімен таласады.

Бүгін сондай-ақ, тағы бір қазақстандық, рейтингте 56-орында тұрған Юлия Путинцева әлемнің 13-ракеткасы, бразилиялық Беатрис Хаддад Майядан өтуге тырысып көреді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның суреті бейнеленген пошта маркасы шығарылғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Александр Бублик 24 эйс жасап, Уимблдонды жеңіспен бастады.


Соңғы жаңалықтар