Уильям Вендли: Қазақстан әлемдегі барлық діндерге көмек қолын созып отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдегі діндер арасында берік көпір орнату - бір күннің немесе бір конференцияның атқарар шаруасы емес. Дінаралық байланысты жолға қою - өте ұзақ процесс. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде «Бүкіләлемдік діндер бейбітшілігі күні» конференциясының Бас хатшысы Уильям Вендли осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сөз басында діндер арасындағы ынтымақтастық мәселесінің өмірлік маңызы бар екенін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, бұл мәселенің шешімін табу - біздің ұжымдық күш салуымыздың негізі. Өз тәжірибеме сүйене отырып айтар болсам, КСРО күйрегеннен кейін Югославия мемлекеті тарап, бұның арты өзара қақтығыстарға әкеп соқты. Бірақ, ол кезде де, одан бері де әртүрлі конфессиялар мен дін түрлерінде ынтымақтасып, өзара қарым-қатынас орнату механизмі болған емес», - дейді ол.

Уильям Вендлидің айтуынша, қазір әлем діндер арасында байланыс орнатудың ең алғашқы сатысында ғана тұр.

«Әлемдік саясаткерлер БҰҰ-ны мойындап, әртүрлі діни одақтар, үкіметтік комиссиялар құрып, серіктесудің амал-әдістерін іздестіреді. Әлемдік деңгейде діндер кең таралып, орын тепкен жерінде өз инфрақұрылымын құрған. Олардың тарихы тереңде. Міне, бүгін біз Астанаға осынау діни орталықтардың бәрі өзара байланыс орната алуы үшін жиналып отырмыз. Астанада біз барлық діни бірлестікті біріктіре алатын жаһандық инфрақұрылым құру жолында тұрмыз. Діни бірлестіктер қарым-қатынасын ретке келтіріп, ортақ моральдық қағидаттармен алмаса алатындай болуы керек. Мен бұл жерде тек теория туралы сөйлеп отырған жоқпын. Бірнеше азаматтық соғыстың куәсі болған адаммын. Мемлекеттер қақтығысқан топтарды бір үстелдің басына жинай алмай қиналатын. Дінге келер болсақ, дәл осы дін - мемлекеттерді бірлікке шақыра алатын нәзік күш деп айтуға болады. Бүгінгі жұмыстың нәтижесі - нақты практикалық шешімдерге алып келеді», - дейді ол.

Уильям Вендли өз сөзінде дінаралық байланысты нығайтуда саясат пен діннің рөлі қандай болатынын айтып берді.

«Қазақстан қазіргі уақытта бір-бірімен ынтымақтасуы үшін әлемдегі барлық діндерге көмек қолын созып отыр. Бізге ең алдымен дін көшбасшыларының арасындағы сенім керек. Ол үшін Астанадағы осынау съездің маңызы зор. Келесі қадам ретінде діни көшбасшылар өз халқына, бірлестіктеріне екінші тарапта жау емес, ниеттес достардың тұрғанын түсіндіруі керек. Ол үшін бір күн, бір конференция, бір апта жете қоймас. Мен бұның өте ұзақ процесс екенін сезіп отырмын», - деді Уильям Вендли.

 

Соңғы жаңалықтар