ҮИИД МБ аясында ашылған металл құю цехының өнімдеріне сұраныс артуда - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының аясында ашылған «Тыныс» акционерлік қоғамындағы металл құю цехының өнімдеріне соңғы кездері сұраныс артып отыр.

Қазір мұнда темір жол, мұнай-газ салаларының тапсырыстары орындалуда. Өткен жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде 30 тоннаға жуық әр түрлі детальдар жасалыпты. Бұл жоба мақұлданып, индустрияландыру картасына енгізілген. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-нің өңірдегі тілшісіне аталған кәсіпорынның №7 металл құю цехы басшысының орынбасары Ерғали Мәлғаждаров мәлім етті.

Бүгінгі таңда зауыт металл құюдың жаңа өндірісін игерген. Кез келген детальды жасап шығару үшін алдымен, пенополистроил түйіршектері қайнатылып, қалып жасалады. Оны үлгілеу учаскесінде жұмыс істейтін Алтынжан Құсайынова, Әсемгүл Әбішева, Гүлден Райымбекова, Ботагөз Қошманова мен Юлия Малахова желімдеп, қондырғы арқылы 40 есе үрлеп жасайды.

Осы үлгілеу учаскесінің шебері Людмила Шихалееваның сөзіне қарағанда, құйылатын детальдың көшірмесі болып саналатын қалып арнайы камерада кептіріліп, тиісті бояумен боялады да екі сағат бойы кептіріледі. Мұнда 9 адам жұмыс істесе, оның төртеуі модель дайындайды.

Құю цехының шебері Есенбол Амантайұлының айтуынша, әлгі жасалған қалып балқыту және құю қондырғылары кешеніне әкелініп, құм салынған апокқа орналастырылады. Оның екі түбі бар. Біреуінің ауасы жоқ. Мұнда құм тасқа айналады. Апок конвейер арқылы балқыту пешіне әкелінеді. Мұндай әр түрлі 6 пеш бар. Осында балқыған металл арнайы ыдыспен қалыпқа құйылады. Сол кезде пенополистроилдан жасалған қалып жанып, газға айналады да оның орнында жаңа деталь пайда болады. Ол қара және түрлі түсті металдардан құйылады. Бұл жұмыстарды Теміржан Жәкеев, Владимир Ермолович, Нұртай Сақтағанов, Алексей Ахмадеев және Әміржан Әзбаев атқарады. Жасалған детальдар өзге цехқа жіберіліп, механикалық өңдеуден өткізіледі.

"Бүгінгі таңда цехта 40 адам жұмыс істейді. Мұнда жылына мың тонна металл құю үшін жұмысшылар санын 80-ге жеткізу көзделген. Ағымдағы жылы цех толық қуатына шығып, үш ауысымдық мезгілмен еңбек ету жоспарланып отыр. Қазір мұнда «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы мен «Казарматур», «Шеврон» компанияларының тапсырыстары орындалуда", дейді Ерғали Мәлғаждаров.

Газдандыру әдісімен металл құюдың қазіргі заманғы технологиясын енгізу қара металдан құйылған қосалқы бөлшектермен кәсіпорындар қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Бүгінгі күнге дейін бұл қосалқы бөлшектер шет елдерден сатып алынатын. Игерілген металл құю өндірісінің технологиясы кәсіпорында шығарылатын өнімнің көлемін арттыруға, еңбек, материалдар және энергия шығынын азайтуға, экологиялық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар