UFC-дегі қазақ Дамир Ысмағұлов: Келесі жекпе-жегім көктемде өтеді
«Бақытыма орай алған жарақатым толықтай жазылып, қайта қалпыма келді. Енді бір аптадан кейін толыққанды жаттығуға кірісуге дайын боламын. Менеджерімнен келесі жекпе-жекке қашан шыға алатынымды сұраған едім. Жекпе-жекке шығу үшін салмақты турнирлердің бірін күтіп отырмыз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатынан кейін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол алдағы жекпе-жегі шамамен қай уақытта болуы мүмкін екенін де айтып берді.
«Меніңше, бір айдың ішінде, шамамен ақпанда UFC-дегі келесі, яғни төртінші жекпе-жегіме қатысты мәселелер анықталады. Ал өзім көктемге деп жоспарлап отырмын. Қарсыласым үздік ТОП-15-ке кіретін спортшы болмақ. Төбелескім келетін спортшылар бар. Жалпы мен кіммен жекпе-жекке шыққым келетінін жиі айтып қоямын да, кейін ол болмай қалып жатады. Сондықтан алдын ала айтуды доғардым. Жекпе-жек болса өте жақсы. Болмаса күтуге тура келеді», - деді Дамир Ысмағұлов.
Фото: ria56.ru