ҮЕҰ-ға 47 мемлекеттік грант беріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Үкіметтік емес ұйымдарға 47 мемлекеттік грант қарастырылып отыр. Бұл туралы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Ғалым Құрман айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) арналған мемлекеттік гранттар беру бойынша конкурсқа өтінімдерді қабылдауды бастады. Үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар азаматтық бастамаларды қолдау, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге тарту мақсатында беріледі. Биыл ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысына сәйкес, 6 сала бойынша 47 мемлекеттік грант, оның ішінде 22 қысқа мерзімді, 16 – орта мерзімді және 9 ұзақ мерзімді жоба іске асырылатын болады», - деді Ғ. Құрман Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Мемлекеттік грант мына 6 бағыт бойынша бөлінеді: халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау; азаматтық қоғамның дамуына, оның ішінде ҮЕҰ қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу; азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау; қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту; жастар саясатын және балалар бастамаларын қолдау; отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу.

Оның айтуынша, 2023 жылға арналған Республикалық бюджет қаражатынан бөлінген гранттардың жалпы сомасы 1 млрд 292 мың теңгені құрады.

«Қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді гранттар енгізілді. Гранттың түріне қарай қаржыландыру көлеміне, іске асыру мерзімдеріне, ҮЕҰ үшін конкурсқа қатысу шарттарына, есептілікке қойылатын түрлі талаптарға сәйкес айқындалады. Қысқа мерзімді гранттарды іске асыру мерзімі үш айдан 12 айға дейін, орта мерзімді гранттар бір жылдан екі жылға дейінгі аралықты қамтиды. Ал ұзақ мерзімді гранттар 2 жылдан 3 жылға дейін жүзеге асырылады», - деді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, ҮЕҰ-лар жиі қоятын сұрақтардың бірі – ол гранттар сомасына қатысты. Қысқа мерзімді гранттар бойынша қаржыландыру көлемі айлық есептік көрсеткіштің кемінде бес жүз еселенген сомасында болады және үш мың еселенген мөлшерінен аспайды. Орта мерзімді гранттар кемінде 3 мың еселенген АЕК деңгейінде белгіленсе, ең жоғарысы 10 мың еселенген сомада бекітілген. Сондай-ақ ұзақ мерзімді гранттар бойынша қаржыландыру көлемі айлық есептік көрсеткіштің 10 мың еселенген сомасынан кем емес.

«Қысқа мерзімді және орта мерзімді гранттарға өтінімдер Операторға 12 қаңтар мен 1 ақпан аралығында, ұзақ мерзімді гранттарға 12 қаңтар мен 15 ақпан аралығында Астана уақыты бойынша сағат 18.30-ға дейін енгізіледі. Барлық өтінім [email protected]. электрондық поштасы арқылы қабылданады», - деді Ғалым Құрман.


Соңғы жаңалықтар