ҰЭМ: Елдің кейбір өңірінде экономикалық көрсеткіштердің тұрақсыздығы байқалуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елдің кейбір өңірінде экономикалық тұрақсыз жағдай байқалуда. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Ағымдағы жылдың басынан бері елдің кейбір өңірінде тұрақсыз жағдай байқалуда. Мәселен, өнеркәсіп бойынша Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақмола облыстары теріс серпінді көрсетті. Бұл өңірлерде мұнай, газ конденсатын, уран кенін, жалпақ илек және жүк вагондарын өндіру қысқарды", - деді ол.

Дегенмен, министр дерегінше, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай облыстарында, Астана қаласында өнеркәсіпте жоғары өсім байқалып отыр.

"Ауыл шаруашылығында Атырау облысынан басқа, барлық өңірлерде өсім байқалады. Айтарлықтай өсімді Ақмола облысы көрсетуде. 6 өңірде құрылыс қарқыны төмендегені байқалды. Олар: Астана қаласы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары. Өңірлердегі құлдырау техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу фабрикасының, «Абу-Даби Плаза» көпфункционалды кешенінің, магистральды мұнай және газ құбырларының, тұрғын және өнеркәсіптік ғимараттардың, білім беру объектілерінің құрылысы бойынша жұмыстардың азаюымен байланысты",- деді Т.Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар