ҰЭМ болжамы: 2025 жылға қарай Қазақстан халқы 20 млн адамға жетеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрлігі алдағы алты жылда Қазақстан халқының саны артқанымен, ауыл халқы өспейтінін болжап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы он жылда әлемдік мегатрендтердің бірі - урбанизация болды. Бұл мәселе Қазақстанды да айналып өтпеді. Жыл сайын халық санының өсуімен бірге қала халқының саны мен үлесі артып келеді. Қазіргі таңда республиканың 6,5 мың ауылды елдімекенінде 7,7 млн-нан астам адам (барлық халықтың 42 пайызы) тұрып жатыр. Соңғы 7 жылда ел ішінде қалалардағы тұрғындар саны шамамен 1,5 млн адамға артып, 10,7 млн адамға жетті. Ал ауыл халқының үлесі 3,5 пайызға қысқарды», - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов.

Вице-министрдің айтуынша, болжам бойынша Қазақстан халқының жалпы саны 2025 жылға қарай 20 млн адамға жетеді. Бұл ретте ауыл халқының саны іс жүзінде 7,6 млн деңгейінде қалады да, ауыл халқының үлесі 42 пайыздан 38-ге дейін төмендейді.

««Ауыл - ел бесігі» жобасын іске асыру даму әлеуеті жоғары және бүгінгі күні 5,5 млн адам тұратын 1,8 мыңнан астам ауылды елдімекеннің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл сондай-ақ ауыл мен қала арасындағы, даму деңгейі әртүрлі ауылды елдімекендер арасындағы көші-қон процестеріне оң әсер етеді. 7 жыл ішінде халқы 600 мың адамға ұлғайып, 2025 жылы 6,1 млн адамға жететін тірек ауылдарда өмір сүрудің неғұрлым қолайлы ортасын құру көзделуде. 2019 жылы 52 аудан орталығын жаңғыртамыз. Бұл шамамен 700 мың адамның өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - дейді ол.

Айта кетсек, былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында ауылдық жерді қолдау мақсатында «Ауыл - ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын.

Соңғы жаңалықтар