ҰЭМ: 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар – Ұлт жоспарының бір бағыты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында сарапшылармен ашық диалог өткізген ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары» туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Министрдің сөзіне қарағанда, Стратегиялық жоспар - «Ұлт жоспарын» орындаудың бір бағыты ретінде қарастырылып отыр.

«Әлбетте, құжаттың стратегиялық мазмұны өте жоғары. Десе де еліміздегі негізгі ұзақ мерзімді құжат - «Қазақстан-2050» екенін атап өткім келеді. Яғни, біз ол құжатта қарастырылған мақсаттан бас тартып отырған жоқпыз. 2050 жылға дейінгі негізгі мақсат-мүдделерді орындау үшін қысқа мерзімді мақсаттарды айқындайтын осындай стратегиялық жоспарлар керек. Себебі, әлемдегі макроэкономикалық және геосаяси саясат жылдам өзгеріп жатыр», - деді ҚР ҰЭМ министрі.

Тимур Сүлейменовтың айтуынша, әр мемлекет өз әлеуетіне қарай әр түрлі басымдықтарға маңыз беріп отыр.

«Қазақстан Республикасының  2025 жылға дейінгі стратегиялық  даму жоспары» - «Ұлт жоспарын» орындаудың бір бағыты. 2020 жылға дейінгі жоспарға тоқталғым келмейді. Себебі, оның негізгі мазмұны дағдарысқа қарсы сипаттарға сәйкес келеді. Ол жоспарда негізге алған барлық әлеуметтік және экономикалық тапсырмалар орындалды. Сондықтан біз жаңа жоспар туралы айтып отырмыз», - дейді ол.

Министрдің айтуынша, 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын құруда көптеген сыртқы және ішкі факторлар негізге алынған.

«Ең алдымен әлемдегі елдермен терең интеграцияға түскен ел екенімізді білуіміз керек. Әлемдік трендтерді ескермеу мүмкін емес. Сондықтан біз жан-жақты саладағы 100 жаһандық трендті талдадық. Бірнеше сценарий құрдық. Яғни, ықтимал жағдайларға арналған сценарий бар», - дейді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, құжатта 7 реформа бойынша, атап айтқанда адам капиталын көтеру, экономика салаларының өнімділігін арттыру, экономикадағы мемлекет рөлін төмендету және бизнес саласындағы кедергілерді жою, жауапты ұлтты қалыптастыру, инвестициялық климатты жақсарту, ЖІӨ-ді арттыру, мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының белсенділігін арттыру үшін жұмыс жүргізу көзделген.

Соңғы жаңалықтар