UEFA суперкубогы: «Ливерпуль» 14 жыл бұрынғы жетістігін қайталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Түркияның Стамбул қаласындағы «Водафон Парк» стадионында өткен UEFA суперкубогында Англияның «Ливерпуль» командасы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

UEFA суперкубогында ағылшындық «Ливерпуль» және «Челси» командалары кездесті. Бүгінгі кездесуде тартысты ойын өрбіді. Қос команда тарапынан да алма-кезек шабуыл болды. Бірінші кезеңнің 36-минутында «Челси» шабуылшысы Оливье Жиру қарсыластар қақпашысын қапы қалдырды. Бұдан кейін де олар тағы бір гол соққан болатын. Дегенмен оны төрешілер лондондық футболшы ойыннан тыс қалды деген шешіммен санаған жоқ.

Екінші кезеңнің басында «Ливерпуль» командасы таразы басын теңестірді. Оны 48-минутта Садио Мане соқты. Қос команда бұдан кейін жиі-жиі шабуылға шығып жатты. Негізгі кезеңде 1:1 есебі тіркелді. Ойын овертаймға ұласты.

Овертаймда қос команда бір-бір голдан соқты. Алдымен 95-минутта Садио Мане тағы бір голдың авторы атанды. Ал 101-минутта «Челси» сапынан Жоржиньо таразы басын теңестірді. Овертаймда да командалар тең түсті.

Жеңімпаз пенальти тебу арқылы анықталды. Бұл жолы «Ливерпуль» командасының жолы болды. «Ливерпуль» осылайша 14 жыл бұрынғы жетістігін тағы бір мәрте қайталады.

Естеріңізге сала кетелік, биыл UEFA Чемпиондар лигасында «Ливерпуль» командасы жеңімпаз атанса, UEFA Еуропа лигасында «Челси» клубы кубокты төбесіне көтерді. Суперкубок ойындары 1972 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Бүгінгі күнге дейін Испанияның «Барселона» және Италияның «Милан» командалары бес-бес мәртеден аталмыш турнирде чемпион атанды. Сондай-ақ, Испанияның «Реал Мадрид», «Атлетико Мадрид», Англияның «Ливерпуль», Голландияның «Аякс» командалары үш-үштен, Бельгияның «Андерлехт», Испанияның «Валенсия» және Италияның «Ювентус» командалары екі-екіден жеңімпаз тұғырынан көрінген еді. Ал 15 команда бір-бір мәртеден суперкубокты төбесіне көтерді. Мұндай мәртебеге соңғы рет «Ливерпуль» 2005, «Челси» 1998 жылы қол жеткізген болатын.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қазақстандық «Ник Вуйчич» атанған Әли Тұрғанбеков те қатысты. Ол бұдан бұрын суперкубокқа дайындалып жатқан «Ливерпуль» командасының жабық жаттығуында болған еді .


Соңғы жаңалықтар