UEFA Конференция лигасы: Қазақстандық клубтардың ойындарын қайдан көруге болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 22 шілдеде UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында қазақстандық «Астана», «Тобыл» және «Шахтер» командалары алғашқы ойындарын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық «Астана»өз алаңында Грекияның «Арис» командасын қабылдайды.

Екі команда арасындағы кездесу елорда уақытымен 19.00-де басталып, «Ел Арна» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Салоники қаласының атынан сынға түсетін аталған клуб 1914 жылы құрылған. 1928, 1932, 1946 жылдарда өз елінің чемпионы атанған. Сондай-ақ, бір мәрте күміс, сегіз мәрте қола жүлдегер атанған. 2021 жылы үздік үштіктен көрінген команда осылайша еурокубокта ойнауға мүмкіндік алды.

Одан кейін Қарағандының «Шахтері» сырт алаңда Румынияның ФКСБ ( бұрынғы атауы «Стяуа») клубымен жасыл алаңға шығады.

Ойын елорда уақытымен 00.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

ФКСБ 1947 жылы құрылған. 1961-2017 жылдар аралығында «Стяуа» атауымен жанкүйерлерге жақсы таныс. Өзінің елінде 26 мәрте чемпион атанып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Биыл олар күміс жүлде алып, еурокубокта бақ сынауға жолдаманы иеленді.

Ал Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Хорватияның «Хайдук» клубымен шеберлік байқасады.

Кездесу елорда уақытымен 19.00-де басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

«Ха́йдук» 1911 жылы құрылған. Югославия және Хорватия чемпионаттарында 15 мәрте алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ, аталған чемпионаттарда 23 мәрте күміс, 12 мәрте қола жүлде алды.

UEFA қарамағындағы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасынан кейінгі үшінші деңгейдегі құрлықтық клубтық футбол турнирі.

Турнирге UEFA құрамындағы рейтингі төмен чемпионат командалары қатысады. Әрбір елдің чемпионы бұрынғысынша Чемпиондар лигасында бақ сынайды. Ал 2-3 орын алған клубтар және Кубок иегерлері Еуропа лигасына емес, Конференциялар лигасында доп тебеді.

UEFA Чемпиондар лигасының бірінші және екінші іріктеу кезеңінде сүрінген клубтар да жарысты бұрынғыша Еуропа лигасында емес, осы турнирде жалғастырады. Сондай-ақ Еуропа лигасының үшінші іріктеу және плей-офф кезеңінде ұтылғандар мен топтық кезеңінде үшінші орын алған командалар осы турнирде жарысты жалғастырады. Турнир жеңімпазы келесі маусымда Еуропа лигасына қатысады.

Айта кетсек, UEFA Чемпиондар лигасы екінші іріктеу сатысында «Қайрат» өз алаңында сербиялық «Црвена Звезда» клубынан басым түсті.


Соңғы жаңалықтар