UEFA Конференция лигасы: «Қайрат» сырт алаңда «Базель» командасына есе жіберді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Конференция лигасы топтық кезеңінің екінші турында қазақстандық «Қайрат» Швейцарияның «Базель» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, «Қайрат» H тобында сынға түседі. Қарсыластары - Швейцарияның «Базель», Әзербайжанның «Карабах» және Кипрдің «Омония» командалары.

«Базель» клубы 1893 жылы құрылған. Өзінің елінде 20 мәрте чемпион атанған еді. Еурокубок ойындарына тұрақты түрде қатысып келеді.

Бүгінгі кездесуді швейцариялық футболшылар қарқынды бастады. Ойынның алғашқы минутынан тізгінді қолға алып, шабуыл шебіне жиі шықты. Нәтижесінде бірінші кезеңнің өзінде олар қазақстандық команда қақпасына жауапсыз үш гол соғып үлгерді.

Ойынның 15-минутында Артур Кабрал есеп ашты. Одан кейін Михаэль Ланг 21, 39-минуттарда қос голдың авторы атанды. Ал 49-минутта «Базель» сапынан Дан Ндой есеп айырмасын арттыра түсті.

«Қайрат» сапынан Хосе Канте 65-минутта гол соқса, Рикарду Алвеш 69-минутта пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Кездесуде «Қайрат» қарсыласына 2:4 есебімен есе жіберді.

Аталған топта Әзербайжанның «Карабах» клубы сырт алаңда Кипрдің «Омноиясынан» 4:1 есебімен басым түсті.

Еске салсақ, алғашқы турда «Қайрат» өз алаңында Кипрдің «Омония» клубымен 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Енді «Қайрат» турнирдің аталған сатысындағы үшінші кездесуін 21 қазанда Әзербайжанның «Карабах» командасына қарсы өткізеді.


Соңғы жаңалықтар