UEFA Конференция лигасы: «Қайрат» сырт алаңда Әзербайжан командасымен кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 21 қазанда футболдан UEFA Конференция лигасы топтық кезеңінің үшінші турында қазақстандық «Қайрат» сырт алаңда Әзербайжанның «Карабах» командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу елорда уақытымен 22:45-те басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Айта кетсек, «Қайрат» H тобында сынға түседі. Қарсыластары - Швейцарияның «Базель», Әзербайжанның «Карабах» және Кипрдің «Омония» командалары.

«Карабах» 1951 жылы құрылған. Аталған клуб Әзербайжан біріншілігінде сегіз мәрте чемпион атанды. Сондай-ақ, төрт-төрттен күміс және қола жүлдеге қол созды.

1996 жылдан бері еурокубок ойындарында бақ сынап келеді. 2017/18 жылғы кезеңде Чемпиондар лигасы, 2014/15, 2016/17, 2018/19, 2019/20 жылғы кезеңдерде Еуропа лигасы топтық кезеңінде бақ сынады.

«Қайрат» командасы биылғы Конференция лигасы топтық кезеңінде өз алаңында Кипрдің «Омониясымен» 0:0 есебімен тең түссе, сырт алаңда Швейцарияның «Базель» клубына 2:4 есебімен жол берді.

Ал «Карабах» өз алаңында «Базель» командасымен 0:0 есебіне қанағат білдірсе, сырт алаңда «Омонияны» 4:1 есебімен сүріндірді.


Соңғы жаңалықтар