УЕФА-да жұмыс істейтін алғашқы әрі жалғыз қазақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Семейде туып, елорданың орта мектебінде білім алған, беделді университет бітірген Дәулет Уранхаев бүгінде Еуропалық футбол қауымдастықтары одағында (УЕФА) жұмыс істейтін ең бірінші әрі жалғыз Қазақстан азаматы саналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футбол индустриясында жұмыс істеу Дәулеттің бала кезінен арманы болатын. Сондықтан болар, УЕФА бас кеңсесіне қызметкерлер іріктеп жатыр деген жаңалықты ести салысымен бірден құжаттарын жинап өткізді. Ал бас кеңсенің жас қазақ жігітін әңгімелесуге шақыруы да тосын болған еді. Дәулет бірден жұмысқа қабылданды. Бүгінде ол Чемпиондар лигасына жетекшілік ететін департаменттердің бірінде еңбек етеді.

«Әрине, алғашқы сәтте үлкен жауапкершіліктен, абдырап қалудан бас айналғандай көрінді. Ал қазір бәрін жадыма сақтап, қажетті тәжірибе жинақтауға тырысып жүрмін. Өйткені, мұның барлығы Отанымда, Қазақстанда қажетіме жарайтындығы сөзсіз», - деді жас маман.

Шынымен де Дәулет Уранхаев уақыты келгенде Отанына оралып, жинаған мол тәжірибесін отандық спорт индустриясын дамытуға қосқысы келеді. Дәл осы себеппен ол бұқаралық спортты дамытуға қатысты өз ұсыныстарын қағазға түсіріп, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған еді. Мемлекет басшысының атынан Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктен нақты жауап та алды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» шынымен де жұмыс істейді. Жасым небәрі 21-де ғана әрі білетім де аз емес. Әрине, кейде жастың албырттығы да бар шығар. Дегенмен, мен ұмытқан жоқ, сауалдарым мен ұсыныстарыма жауап берді. Мемлекет менен безінген жоқ, бар екенді біледі. Міне дәл осы жайт мені мұнан да жақсы жұмыс істеуге ынталандырып отыр. Жинақтаған кез келген тәжірибемнің елімнің қажетіне жарарына сенімдімін», - деді Дәулет.


Отандасымыз футболмен әуестенумен қатар еліміздің имиджін шетелде ілгерілетуге тырысып, шетелдік достарына қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі жайында үнемі айтып жүреді. Сонымен қатар достарымен бірге Glion университеті ұйымдастыратын жыл сайына көрмеге қатысып, адамдарға қазақтың ас мәзірімен, дәстүрімен таныстырады.

Өткен жылы Швейцариядағы Қазақстан студенттері президенттік сайлауда дауыс беруге қатысу үшін өздері ұйымдасты. Осылайша, оны өздері үшін үлкен оқиға айналдырды. Өйткені, жастардың басым көпшілігі алғаш рет дауыс беруге қатысқан болатын.


Мұнан бөлек, Дәулет Уранхаев түрлі елдерде білім алып жатқан студенттер арасында Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған поэзиялық эстафетаны да ұйымдастырған еді.


Соңғы жаңалықтар