UEFA Чемпиондар лигасы: «Реал Мадрид» Молдованың «Шерифінен» жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің екінші туры басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы күнгі ойындар арасынан D тобындағы Испанияның «Реал Мадрид» командасының өз алаңында жеңіліп қалғанын жанкүйерлер сенсация ретінде бағалап отыр. Корольдік клуб Молдованың «Шерифіне» 1:2 есебімен жол берді.

Кездесудің 25-минутында «Шериф» сапынан Джасурбек Яхшибоев есеп ашса, 65-минутта испандық клуб шабуылшысы Карим Бензема пенальтиден таразы басын теңестірді. Ал 89-минутта «Шериф» ойыншысы Себастьян Поль жеңіс голын соғып кетті.

Осылайша молдовалық клуб турнирдегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Бұдан бұрын олар өз алаңында Украинаның «Шахтерінен» 2:0 есебімен басым түскен еді.

Сондай-ақ, аталған топта «Шахтер» (Украина) мен «Интер» (Италия) 0:0 есебіне қанағат білдірді.

А тобында «Пари Сен-Жермен» (Франция) өз алаңында «Манчестер Сити» (Англия) командасын 2:0 есебімен жеңсе, «Лейпциг» (Германия) Бельгияның «Брюггесіне» 1:2 есебімен жол берді.

В тобында өз алаңында «Милан» (Италия) клубы «Атлетико Мадрид» (Испания) командасынан 1:2 есебімен жеңілсе, «Порту» (Португалия) «Ливерпуль» (Англия) клубына 1:5 есебімен есе жіберді.

Ал С тобында «Аякс» (Нилерланды) өз алаңында «Бешикташ» (Түркия) командасын 2:0, «Боруссия Дортмунд» (Германия) «Спортинг» (Португалия) клубын 1:0 есебімен сүріндірді.

Бүгін, 29 қыркүйекте E, F, G, H топтарындағы командалар екінші тур кездесуін өткізеді .


Соңғы жаңалықтар