Үдемелі индустрияландыру арқасында қазақстандық өнім экспорты жоғары қарқынмен өсіп келеді

None
None
АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Ел экономикасын әртараптандыру мақсатында Елбасы айқындаған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы 2010 жылы қабылданғаны белгілі. 2020 жылға дейінгі аралықты қамтитын осынау стратегиялық бағдарлама қазақстандық жаңа индустриялы дамудың даңғылына айналып, әсіресе ел экспортының ауқымын арттыруды діттей түседі.

Ескере кететін жайт, енді бір жылдан соң инновациялық индустрияландыру бағдарламасын іске асырудың алғашқы бесжылдығы аяқталады. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Н. Назарбаев былтырғы жылдың желтоқсанында жарияланған «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында индустрияландыру бағдарламасының келесі фазасының егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл жұмысқа Үкімет белсенді кірісіп кеткені де белгілі.

Ресми көрсеткіштерге тоқталсақ, жаңа индустрияландыру нәтижесінде елімізде еңбек өнімділігі үздіксіз өсіп келетінін байқаймыз. Мәселен, мемлекеттік бағдарлама іске асқаннан бері еңбек өнімділігі әр адамға шаққанда 1,5 есеге өскен. Айталық, 2008 жылы бұл көрсеткіш 37,3 мың долларды, 2009 жылы 29,4 мың долларды, 2010 жылы 41,1 мың долларды, 2011 жылы 52,7 мың долларды, 2012 жылы 56,9 мың долларды құрады. Соның ішінде, дәрі-дәрмек өндірісінде бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 3 есе, химия өнеркәсібінде 2 еседен астам, машина жасау саласында 1,9 есе, металлургияда 1,5 есе өсіпті. Екінші маңызды көрсеткіш - өңдеу саласындағы көрсеткіштердің артуы. Елімізде 2008 жылғы деңгеймен салыстырғанда, 2012 жылы өңдеу өнеркәсібі - 19,9 пайызға өскен. Сарапшылар, индустрияландыру бағдарламасының нәтижелеріне орай, 2013 жылдан бастап өңдеу өнеркәсібі саласының басымдықпен дамуы көрініс беретінін алға тартады. Мысалға алсақ, 2012 жылы өңдеу өнеркәсібінің өсімі 0,7 пайызды құраса, тау-кен саласында 0,2 пайыз болды. Ал 2013 жылдың I тоқсанында өңдеу өнеркәсібінің өсімі 1,6 пайызды, тау-кен саласында 2,7 пайызды құраған. Осының өзі саладағы серпінді қозғалыстың бар екенін айқындап тұр.

Жалпы, Президенттің Жолдауында жүктелген тапсырмаға сәйкес, жаңа индустрияландыру жұмысының нәтижесінде, Қазақстанда экспорттың жалпы көлеміндегі шикізаттық емес экспорттық үлес 2025 жылға қарай екі есеге, ал 2040 жылға қарай үш есеге ұлғаюы тиіс. Осы межені бағындыру үшін Елбасы 2050 жылға қарай Қазақстан өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиістігін айтқан еді.

Тоқтала кететін жайт, индустрияландыру бағдарламасының аясында мемлекет тарапынан баса маңыз берілген міндеттің ішінде Елбасы отандық өнім өндірушілердің тауарларын сыртқы ры­нокқа, яғни экспортқа шығаруды қолдауды ерекше атап өткен еді. Мұншалықты маңызды міндетке байланысты Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Экспорт-2020» атты арнайы бағдарлама қабылданып, қазақстандық экспортты дамыту мақсатында бірқатар шаралар атқарылды. Осы бағытта жұмыс істейтін шикізаттық емес саланың 1500-ге жуық кәсіпорны мемлекет тарапынан тұрақты қолдауға ие болғаны - соның айғағы.

Экспортты дамыту мақсатында жұмыс істейтін «Kaznex Invest» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі отандық тауарларды әлемдік нарыққа жылжыту үшін 2009 жылы 13 шетелде 23 сау­да шараларын өткізген. Атап айтқанда, осындай шара аясында қазақстандық тауар өндірушілер Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Грузия, Қытай, Үндістан, Иран, Румыния, Польша, Беларусь және Корея елдерінде болып, отандық тауарларды насихаттау, аталған елдердің рыноктарына өткізу жолында бірқатар игі істерді жүзеге асырды. Ауқымды жұмыстың нәтижесінде отандық тауар өндірушілер жалпы құны 183 млн. долларды құрайтын экспорттық келісімшарттарға қол қойған. «Kaznex Invest» агенттігінің тікелей қолдауымен шет мемлекеттерде 100 қазақстандық тауар белгісінің тұсауы кесілген.

Түптеп келгенде, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде қазақстандық тауар өндіру­­­ші­лердің өнімдерін экспортқа шығару мақсатындағы жұмыстар өзінің тиімді нәтижелерін беріп, осы жылдар ішінде еліміздің экспорттық әлеуеті айтарлықтай өсе түскен. Мәселен, 2012 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның жалпы экспорт көлемі 92,3 млрд. долларды құрапты. Түйіндей айтқанда, статистиканың өзі еліміздің экспорттық әлеуеті соңғы 3 жыл ішінде 54 пайыз өскенін көрсетті.

Ал сарапшылардың дерегіне жүгінсек, қазір Қазақстан экспорт көлемі бойынша әлемдік экспорттаушылардың қатарында 40-орынды иеленіп отыр. Бұл да жаман көрсеткіш емес. Сонымен қатар, елімізде жасалған тауарлар бүгінде әлемнің 120 мемлекетіне экспортталса, 111 мемлекетке қазақстандық дайын өнімдер жөнелтіледі екен. Оның ішінде 2012 жылы қазақстандық дайын өнімдерді экспорттау көлемі Ресейге - 29 пайыз; Өзбекстанға - 12; Қырғызстанға - 7,8; Ауғанстанға - 5,3; Тәжікстанға - 4,5; Қытайға - 3,9; Түркіменстанға - 3,1; Германияға - 2,5; Ұлыбританияға - 2,3; Румынияға - 1,8; Бельгияға - 1,6; Польшаға - 1,6; Әзербайжанға - 1,4; Украинаға 1,3 пайызды құраған. Бұдан бөлек, қазіргі кездегі әлемдік сауда жағдайына қарағанда Қазақстанның тауар экспорты жоғары қарқынмен өсіп келетінін алға тартатындар баршылық. Яғни, 2008-2012 жылдар аралығында Қазақстан экспортының орташа жылдық өсімі 7 пайыз болса, әлемдік экспорт деңгейі 6 пайызды құраған.

Ал тоқтала кететін тағы бір маңызды мәселе - қайта өңделген тауарларды экспорттау. Дәл осы қайта өңделген тауарлардың экспорты тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет биік межеге жетіп, 25,5 млрд. долларын құрады. Мысалы, ресми статистикалық мәліметтерге қарағанда, қайта өңделген тауарлар экспортының өсімі 2012 жылы 14 пайызды құраса, шикізат экспортының өсімі 2,4 пайыз болған. Қайта өңделген қазақстандық өнімдерді импорттайтын шетелдердің басқы бестігіне Қытай (мыс, ферроқорытпа, мұнай өнімдері), Ресей (уран, мыс, прокат), Швейцария (мұнай өнімдері, алтын, күміс), Түркия (мыс, мырыш, мұнай газы), Германия (ферроқорытпалар) мемлекеттері кіреді. Ескере кететін жайт, мұндай межеге жету, ең алдымен, мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асып отыр. Ал экспортқа бағытталған мемлекеттік қолдау негізінен жоғары қосымша құны бар дайын тауар өнімдеріне жасалады. Экспортқа шығарылатын дайын тауар өнімдері 2010 жылы 2,3 млрд. долларды құраса, 2011 жылы 3,2 млрд. доллар, 2012 жылы 4,2 млрд. долларға жетті. Осы жылдар ішіндегі дайын тауар өнімдері экспорты 29 пайызға өсіпті.

Сонымен қатар, және бір көрсеткіштерге жүгінсек, дайын тауар өнімдерінің экспорты еліміз бойынша 3 жыл ішінде екі есеге артып, 4,2 млрд. долларға жетіп отыр. Оның ішінде алюминий сымдарын экспорттау 3 есе артқан. Атап айтқанда, 2012 жылы Украина және Өзбекстан мемлекеттеріне 9 миллион доллардың алюминий сымдары жөнелтілген. Трансформаторлар экспорттау көрсеткіші де екі есе артып, бұл бойынша 2012 жылы Ресей, Өзбекстан, Украина және Түркіменстанға 30 миллион доллар тұратын трансформаторлар жөнелтілген. 2012 жылы Қытай, Ресей және Түркияға 58 миллион доллар тұратын пропилен полимерлері жөнелтіліп, экспорттың бұл көрсеткіші 57 пайызға артты. Макарон бұйымдары 56 пайыз, өсімдік майын экспорттау 47 пайыз өсіп, 2012 жылы Ресей, Түркіменстан, Қырғызстан, Грузия, Ауғанстан және Тәжікстан мемлекеттеріне жалпы құны 17,6 миллион доллар болатын макарон бұйымдары шығарылса, осы мерзімде Өзбекстан, Қырғызстан және Үндістан елдеріне жалпы құны 40 миллион доллары болатын өсімдік майы экспортталған.

Түйіндей келгенде, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағарламасындағы Мемлекет басшысы маңызды басымдық берген міндеттің бірі отандық өнімнің экспорттық бағытын арттыру болса, бүгінгі таңда ол өз деңгейінде көрініс тауып отыр. Үкіметтің алдағы бес жылдыққа арнайтын жоспары да бұл бағытты одан әрі серпінді ететініне сенім мол.

Соңғы жаңалықтар