Учаскелік полицейді балағаттаған Ақтөбе тұрғыны көшені қардан тазартып жүр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Астана аудандық пробация қызметінде есепте тұрған 35 жастағы сотталған азамат учаскелік инспекторды балағаттап, билік өкіліне қол жұмсағаны үшін көшені қардан тазартып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана аудандық пробация қызметінің хабарлауынша, ол түс мезгілінде ішімдік ішіп, мас күйінде жұбайын ұрып-соққан. Ақтөбелік әйел бұл туралы туған-туыстарына айтып, көмек сұрады. Жанашыр туыстары полицияға хабар берді.

«Шақырту бойынша мекенжайға барған учаскелік полиция инспекторлары алдымен оның жұбайымен сөйлесті. Кейін күйеуінің мас екенін дәлелдеу үшін сараптамадан өтуін сұрады. Сол кезде пробациялық бақылаудағы ақтөбелік учаскелік полиция инспекторларын балағаттап, қолына түскен темірмен ұра бастаған. Сот отырысында Ақтөбе қаласының тұрғыны Е. өз кінәсін толық мойындап, ҚР ҚК-нің 378-бабының 1- бөлігі, 380-бабының 1-бөлігімен 300 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды. Қазіргі кезде ол күн сайын 8 сағат бойы көшені қардан тазартады»,- деді Астана аудандық пробация қызметі.

Оның жұмыс аумағын Ақтөбе қалалық әкімдігі белгілейді.

«Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінде қазіргі таңда 21 сотталған азамат заң бұзғаны үшін қоғамдық жұмысқа тартылған.
Бұлар Астана ауданы әкімдігі белгілеп берген қоғамдық орындарда көшені қардан, сондай-ақ қоғамдық орындарды тазалау секілді жұмыстарды орындауда»,– дейді Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Жұмагүл Ешниязова.


Соңғы жаңалықтар