«Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы жалғасуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 87 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әкімшілік полиция «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасын жалғастыруда. Бұл іс-шара құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігі мәселелерін зерделеуге және одан әрі шешуге бағытталған. Учаскелік полиция инспекторлары операция кезінде бекітілген әкімшілік учаскелерде халықпен танысу, қару иелерін, ішкі істер органдарында есепте тұрған шетелдіктер мен азаматтарды тексеру үшін аулаларды және пәтерлерді аралап шығады. Сонымен қатар, проблемалық мәселелерді зерттеу және шешу үшін халықпен кездесулер өткізеді», - деді ол ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте

Оның атап өтуінше, іс-шараға 13 мыңнан астам қызметкер мен 1 мыңнан астам волонтер, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері қатысты. Алдын алу іс-шарасының 20 күнінде полиция қызметкерлері 900 мыңға жуық пәтер мен жеке үйлерді аралап, 55 мыңнан астам саяжай үйлері мен 14 мыңға жуық шаруа қожалықтарын, қыстақтарды аралады.

«Жалға берілетін 13 мыңға жуық пәтер тексерілді. Мемлекеттік кірістер органдарында тіркеусіз тұрғын үйді жалға берудің 3 мыңға жуық фактісі анықталды. Тұрғылықты жері бойынша 33 мыңнан астам азаматтық қару иелері тексерілді, атыс қаруын сақтау және алып жүру ережелерін бұзудың 500-ге жуық фактісі тіркелді. Операция басталғаннан бері полиция қызметкерлері 87 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың, оның ішінде 2 мыңға жуық ұсақ бұзақылықтың, тұрмыста 2 мыңнан астам құқық бұзушылықтың, 15 мыңнан астам көші-қон заңнамасын бұзудың жолын кесті», - деді Нұрділдә Ораз.


Соңғы жаңалықтар