ҰБТ ұйымдастыру жағынан да, сапа жағынан да біршама жоғары деңгейге көтерілді - Б. Жұмағұлов

None
None
АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Биыл елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу осымен оныншы рет өткізілді. Осы жылдар ішінде Қазақстан мектептерін бітірген 1 млн. 335 мың түлек тестілеу сынағына қатысыпты. Айта кетерлігі, он жыл бойында ҰБТ әбден тәжірибеден өтіп, жан-жақты сараланып, орын алған олқылықтар мен кем-кетіктерінің түзелетін уақыты жеткені айқын. Дегенмен, биылғы тестілеу сынағының өзі түлектер білімін бағалаудағы ҰБТ сапасын да, деңгейін де арттырған секілді. Осыған орай, бүгін бірқатар БАҚ өкілдерінің басын қосқан Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың эксклюзивті сұхбатына ҚазАқпарат тілшісі де қатысқан болатын.

Министрдің мәліметіне қарағанда, жақында аяқталған Ұлттық бірыңғай тестілеуге 95 487 түлек немесе мектеп бітірушілерінің 95,9 пайызы қатысты. Олардың 27 мың 465-і немесе 28,8 пайызы шекті көрсеткіш саналатын 50 балл жинақтауды еңсере алмаған. Әйтсе де, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бұл көрсеткіштің былтырғы деңгеймен салыстырғанда біршама жақсарғанын алға тартады. Оның айтуынша, 2012 жылы тест сынағына қатысушылардың 36,8 пайызы шекті межеден аса алмаған еді.

Бұдан бөлек, биыл еліміздегі Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа деңгейі 74,5 балды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 70,9 балды құрағанын ескерсек, биылғы орташа деңгей 3,6 тармаққа жоғарылаған. Ең жоғары көрсеткішке Алматы және Астана қалалары сәйкесінше 85 және 81 балл жинау арқылы қол жеткізген екен. 100 балдан жоғары көрсеткішке қол жеткізген түлектер саны 11 мың 167-ні немесе 11,7 пайызды құрайды. 2012 жылы бұл көрсеткішті 10 мың 756 бала еңсеріп, олардың жалпы үлесі 9,2 пайызға тең болған еді.

Ал, ең жоғары көрсеткіш 125 балға республика бойынша 7 түлек табан тіреген. Атап айтқанда, ең жоғары балды Павлодар облысы, Екібастұз қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп лицейінің түлегі Әсел Айткенова, Шымкенттегі М. Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған 8-ші гимназия түлегі Аида Ысқақ және Алматы қаласындағы О. Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математикалық мектеп интернатының түлектері Ботагөз Құспанғалиева мен Тоқтамыс Марғұлан, сондай-ақ Атырау қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын гимназияның үш түлегі - Нұржан Қамзаев, Самал Құмарова және Ақбөкен Сахтанов иеленген.

«Осының өзі ҰБТ деңгейінің жоғары көрсеткіші ретінде қарастырылады. Расында да, биылғы тестілеу бұрнағы жылдармен салыстырғанда сапалық жағынан да, ұйымдастырушылық жағынан да біршама ілгерілеген. Әрине, өткен он жыл ішінде ҰБТ түрлі сатыдан өтті. Ең бастысы, біз ұлттық тестілеу арқылы әлеуметтік маңызды функциялардың орындалатынына баса мән бердік. Ал жетілдіру барысында біздің түлектерді бағалаудағы адами факторды араластырмау мәселесіне, сыбайлас жемқорлыққа ерекше назар аударылды. ҰБТ-ны жетілдіруге қатысты мынадай үш маңызды құрамдас бар екені белгілі. Біріншіден, біз он жыл ішінде аса объективті бағалауға қол жеткіздік. Екіншіден, жоғары білімге тең әрі бәріне бірдей қолжетімділік қамтылып отыр. Азаматтар өз ауданынан, өңірінен алысқа бармай-ақ тестілеуге қатысатын мүмкіндікті иеленді», - дейді Бақытжан Жұмағұлов.

Бұл ретте министр Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмаларына қатысты жұртшылық арасынан ешқандай сын мен ескертулер болмағанын да алға тартады. Мәселен, министрлік бұған дейінгі кемшіліктер мен олқылықтарды, ескертулерді зерделеп қана қоймай, он жылдағы жұмысқа сараптама жасап шыққан. Соның арқасында тест тапсырмаларының сапасы жақсара түсіпті. Бұны апелляция нәтижелерінен көруге болады. Айталық, осы жылдар ішінде түлектер атынан 700 апелляциялық шағым берілсе, соның 0,1 пайызы ғана қанағаттандырылған.

«Сонымен бірге, біз әлемдік тәжірибелерді, соңғы жылдардағы ескертпелерді есепке ала отырып, тест тапсырмаларының 50 пайызға жуығын қайта қарап шықтық. Қазақстанның ең үздік педагогтары сауалдар әзірлеуге атсалысты. Сондықтан да биыл тест тапсырмаларына қатысты ешқандай да ескерту болған жоқ», - дейді министр Бақытжан Жұмағұлов. Ең бастысы соңғы жылдары мектеп ұстаздарының да, оқушылардың да тестілеуге деген көзқарастары өзгерген. Бұрнағы жылдары 10-11 сыныптарда оқушылар уақытын жаппай тест тапсырмаларын жаттаумен өткізетіні белгілі еді. Бұған да жол берілмейтін болған. «Елбасының тапсырмасына сәйкес әр облыста тест сапасын бақылайтын департаменттер де құрылған. Тест тапсырмаларында ең бастысы, стандартты орындауларға салмақ жасап, логикалық сұрақтардың санын арттырдық. Осының арқасында биыл жақсы көрсеткішке де қол жеткізіп отырмыз», - дейді Бақытжан Жұмағұлов.

Бұдан бөлек, министр Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында оқыс оқиғалар, өрескел бұзушылықтар азайғанын да алға тартады. Дегенмен, биылғы тестілеу шарасы барысында бірнеше мәрте қайталанған бұзушылық жасағаны үшін 31 мектеп түлегі ҰБТ-ға жіберілмеген. Олардың ішінде басқа біреудің орнына кіргені үшін 6 адам аудиториядан шығарылыпты.

Ал алдағы ҰБТ жаңалығына келсек, 2015 жылдан бастап елімізде тестілеу сынағы екі кезеңмен жүзеге аса бастайтыны жоспарланып отыр. «Бұл негізінен 12 жылдық білім жүйесінің енгізілуіне қатысты орын алмақ. Шындығында да, біз 2015 жылға қарай тестілеу екі кезеңде: мектеп бітірушіні бағалауға қатысты тестілеу және жоғары оқу орындарына түсуі үшін кешенді тестілеу болып өтетіні жоспарлануда. Бұл бағытта алдымен бейіндік мектептер ашу көзделеді. Ондай мектептерде біз 11-12 сыныптарда балаларды жоғары оқу орындарына түсуге бағдарды қамтамасыз етеміз. Ал олар үшін жоғары оқу орындарын таңдау міндетті болмақ», - дейді Бақытжан Жұмағұлов.

Соңғы жаңалықтар