ҰБТ тапсыруға өтінім қабылдау басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Ұлттық тестілеу орталығына» сілтеме жасап.

Өтінімді қабылдау app.testcenter.kz сайтында 15 сәуір сағат 17.00-де басталды және бос орындар аяқталғанға дейін жалғасады.

Тіркелу кезінде ҰБТ тапсыратын күнді, уақытын және өтетін орнын өз еркімен таңдауға болады.

15 сәуірден бастап ҰБТ тапсыру үшін бірінші мүмкіндіктің датасын, ал 1 мамырдан бастап екінші мүмкіндіктің датасын таңдау мүмкіндігі беріледі.

Тестілеудің өзі 25 сәуір - 30 маусым аралығында өтеді. Аталған кезеңде ҰБТ-ға 2 рет қатысуға болады және жинаған ең жоғары балмен білім беру грантын тағайындау конкурсына түсе аласыз.
Биылғы - 2021 жылдың мектеп түлектері ҰБТ-ға тегін қатысады.

Бұған дейін хабарланғандай, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу ережесіне бірнеше өзгеріс енгізілді. Оның ішінде мемлекеттік білім грантын иелену үшін ҰБТ-ны екі мәрте тапсыру мүмкіндігі, ҰБТ-ның электронды форматқа ауыстырылуы бар.


Соңғы жаңалықтар