«ҰБТ - табыс көзі ме?» - БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 6 ақпан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, «Нұр Отан» ХДП бастамасымен қоғамда тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру жөніндегі «STOPҚылмыс» шарасы басталды. Қоғамдық науқанды «Нұр Отан» ХДП және Ішкі істер министрлігінің қолдауымен үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырады. Ішкі істер министрлігінің Жедел басқару орталығында «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек және Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов еліміздің үкіметтік емес ұйымдары өкілдерінің қатысуымен тәртіпсіздіктерді анықтау және оларға қарсы тиімді әрекет ету жөніндегі бірлескен жұмысты талқылады. Сондай-ақ онда «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясы, «Қазақстан студенттері Альянсы», «Жасыл ел» және т.б. ұйымдар өкілдері өз жобаларымен және оның нәтижелерімен бөлісті. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлықпен, қоғамдық орындарда темекі шегумен, ойын бизнесімен күрес, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы озбырлық пен бопсалауға қарсы күрес жөніндегі нақты шаралар ұсынылды. Бұл материал «Қылмысқа қарсы науқан басталды» деген тақырыппен жарияланды.

Сондай-ақ бұл басылымда «Екіжақты ықпалдастыққа екпін берген сапар» атты мақала жарық көрді. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов өзінің германиялық әріптесі, федералды Сыртқы істер министрі Гидо Вестервелленің шақыруы бойынша ресми сапармен ГФР-да болды. Сапар аясында қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының басшысы ГФР саяси және іскер топтарының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Сапар бағдарламасын елі­міз­дің дипломатия ведомствосы басшысының Германия Бун­дес­тагының түрлі партиялық фрак­цияларының өкілдерімен кездесуі ашты. Онда екіжақты қарым-қатынастың маңызды бағыттары талқыланып, халықаралық қа­ты­настардың өзекті мәселелері бо­йынша пікір алмасылды. Гер­­ма­ниялық депутаттар Қазақ­стан­ның Орталық Азиядағы ма­ңызды рөлін атай отырып, Ел­басының «Қазақстан-2050» Стратегиясында жоспарланған ба­сымдықтарға жоғары бағаларын берді.

***

«Санаулы айдан соң ҰБТ атты сынақ басталады. Әйткенмен, сынақтың қолға алынып, іске асырылғанына бірнеше жылдың жүзі болса да, ҰБТ-ның айналасындағы шу басылар емес. Өткен аптада Мәжіліс депутаттары Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловқа бірнеше ұсыныспен шықты. Ал оқушылар сынаққа барынша дайындалып әлек», - деп жазады «Айқын» газеті. Ұлттық бірыңғай тестілеуді қолға алғанымызға тоғыз жыл болса да, сынақтың айналасындағы кикілжің басылар емес. Тіпті жыл сайын ата-аналар мен талапкерлер сер­гелдеңге түсетіні аян. Жыл сайын тестілеуге енетін тапсырмалар то­лықтырылып, ҰБТ-ны тапсыру тәр­тібі де өзгеріп келеді. Әр жылда түр­ле­ніп шығатын ҰБТ оқушылар мен ата-аналарды, тіпті мектеп мұға­лімдерін де әуре-сарсаңға салып келеді. Өткен аптада Мәжіліс депу­таты Гүлмира Исембаева сынақ­қа енген бесінші пәннің балы да есеп­телу керектігін айтты. «ҚР Білім туралы заңына сәйкес мемлекеттік тіл мен орыс тілі - 2008 жылдан бері тестілеуге енген міндетті пәндер. Әйтсе де, орыстілді мектептерде бе­сінші пән ретінде тіркелген қазақ тілінен, қазақтілді мектептерде орыс тілінен жинаған балл жоғары оқу орнына қабылдану барысында ескерілмейді. Бұл теңсіздік туды­рып, пәндер арасында дискриминация тудырады» деді халық қалаулы­сы. Расында, оқушылар барын салып, жанталасып дайындалған кезде бесінші пәнді ескермеу әбестік болар. Оның үстіне бір балдың әлегі «Алтын белгіге» талпынған оқушы­ның бағын байлауы әбден мүм­кін. Осы білім сынағы жайында жазылған мақала басылымда «ҰБТ - табыс көзі ме?» деген тақырыппен беріліп отыр.

Осы басылымда «Шалды түсірген «шатақ» жігіт» атты мақала көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, Алматыда белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың шығармашылық кеші өтті. Соңғы жылдары елімізге «Келін» және «Шал» фильмімен танымал болған режиссер өзінің шығармашылығы мен өмірі туралы көптің көңілінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Ермек Тұрсынов өзінің нашар студент болғанын айта келіп, қиқар мінезі үшін оқудан да шығып қалғанын жасырған жоқ. Кезінде ҚазМУ-дың журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеев: «Тұрсынов, сен менің қара тізімімде екінші тұрсың» деп айта берген соң, «ағай, онда бірінші болып кім тұр?» деп сұрапты. Сонда ғалым-ұстазы: «Ол баяғыдан берi түрмеде отыр» деп жауап беріпті.

***


«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, еліміздегі жүргізіліп жатқан құрылыстардың сапасына қатысты айтылар сын жетерлік. Тіпті мемлекеттік бағдарлама аясында салынған құрылыстардың да сапасының сын көтермеуі құрылыс саласына қатысты заң қабылдау қажеттігін сездіргендей. Осы орайда еліміздің бірқатар мамандары «бюджет қаржысына салынатын құрылыстар мен жолдарға міндетті кепілдік мерзімін заңмен бекіту керек» деген ұсыныс айтуда. Әйтсе де «қатаң тәртіп пен тиісті бақылау жоқ жерде кез келген заң әлсіз» деп заң қабылдаудан бұрын осы саладағы қадағалау жұмыстарын күшейту қажеттігін айтатындар да жоқ емес. Басылымның тұрақты ой-көкпар айдарымызда аталмыш саланың түйткілді тұстарын ортаға салып, екі жақтың пікірін салмақтап көрген едік. Сарапшылар әр түрлі пікірде. Осы орайда газет «Бюджет қаржысына салынатын құрылыстар мен жолдардың міндетті кепілдік мерзімін заңмен бекіту керек пе?» деген мәселені көтеріп отыр.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының спирт ішімдіктерін тұтынуға қатысты әлем бойынша жүргізген арнайы зерттеуінде Қазақстан 188 елдің арасынан 34-орыннан көрінген. Орта Азия елдерін сараласақ, бұл тізімде Қырғызстан - 106-ыншы, Түркіменстан - 114-інші, Өзбекстан - 131-інші, ал Тәжікстан 134-орыннан көрінген. Тіпті бір жарым миллиард халқы бар Қытайдың өзі жүргізілген мониторингіде 95-орында тұр», деп жазады «Алаш айнасы». Енді арақ ішуден алға шығып тұрғанымыз мамандарды ғана емес, Мәжіліс депутаттарын да алаңдатып тұр. Жақында араққа деген алғырлығымыздың тіпті Мәжілістің мінберінде сөз болып, арнайы депутаттық сауалға арқау болуы мәселенің күрделілігін аңғартса керек. Дәл қазіргі таңда жан басына шаққанда еліміздегі әрбір азамат шамамен 30 литр сыра, 11 литрге жуық спирт тұтынады екен. Осыдан кейін халқымыз уланып жатыр демеске шара жоқ. Алайда ұлтымызға төніп тұрған қауіптің алдын алу шаралары көңіл көншітпейді. Қала ішінде оңды-солды ілінген сыра мен арақ-шараптың жарнамасынан көз сүрінеді. Олардың бағасы да қолжетімді. Тіпті соның өзіне ақшаң жетпесе, арақ-шарап өндірушілер сыртқы түрі 50 грамдық қырлы стакандай, мөлшері де ақшасына сай түрлерін ойлап тапқан.

Соңғы жаңалықтар